Дәурен Абаев телеарналар жұмысын сынға алды

Дәурен Абаев телеарналар жұмысын сынға алды
09 ақпан, 20:00

Телеарналардағы жарнаманың көптігі мен журналистердің кәсіби деңгейінің төмендігі қазақстандық көрермендердің наразылығын туғызып отыр. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқалы отырысында ведомство басшысы Дәурен Абаев осындай мәлімдеме жасады. Бұл ретте министр, қалың көрерменнің көңілін табу үшін қажетті шаралар қабылдау керектігін, ескертті. Сондай-ақ жиында отандық сериалдарды көбейтіп, бәсекелестікті арттыру жолдары сараланды.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

Телерадио қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен шеберлігін жетілдіру үшін KPI жүйесін енгізуді ұсынамын. Сондай-ақ Наурыз айында «Еларна» телеарнасы өз жұмысын бастайтындығын хабарлаған болатынбыз. Бұл ресурс отандық көркем фильмдер мен сериалдарды көрсететін болады. Тағы бір маңызды мәселе - шекара маңындағы елді мекендерде радио арналарды жетілдіру мен телеарналардың HD форматына көшу жұмыстары жалғаса береді.

Министр сондай-ақ өткен жылдың өзінде заңсыз контенттерден терроризм мен діни экстремизмді насихаттайтын 110 мың материалдың жойылғандығы туралы хабарлады. Ведомство басшысының ақпаратына сәйкес, осы уақытқа дейін желіде 164 заңсыз сілтеме мен сайтқа қатысты 17 сот үкімі шыққан.