Тиімсіз деп танылған әуежайлар жүк тасымалдау секторына басымдық беруде

Тиімсіз деп танылған әуежайлар жүк тасымалдау секторына басымдық беруде
09 ақпан, 20:00

Қызылжар әуежайы табысын көбейту үшін қосымша жүк тасымалдаумен айналыспақ. Күрделі жөндеуден өтіп, екі ай бұрын ашылған әуе вокзалы енді тиімділігін арттырмақ. Ал Тараз әуежайы табысқа кенелу үшін қызметтің кейбір түрлеріне тариф құнын көтермек. Осылайша, олар Қазақстан бойынша тиімсіз деп танылған 7 әуежайдың қатарынан шығуды жоспарлап отыр. Тілшіміз жалғастырады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Желтоқсан айында ашылған Петропавл халықаралық әуежайынан ұшақтар әзірге Астана мен Алматыға ғана ұшып жүр. Бірнеше айдан соң Мәскеуге рейс ашу көзделген. Қазір ресейлік әуе компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, дейді мекеме басшысы. Жалпы, әуежайдың тиімсіз деп танылғанын кәсіпорын директоры күрделі жөндеу жұмыстарымен түсіндіреді. Айтуынша, жаңғырту жұмыстарына байланысты әуе вокзалы өз мүмкіндігін толықтай жүзеге асыра алмады. Қазір нысан жетекшілігі жолаушылар қатынасынан бөлек, жүк тасымалдау саласын да дамытпақ.

Марат Хасенов, «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ директоры:

Жүк тасымалдау - бұл табысы мол сектор. Қазір біз Қытай және т.б. мемлекеттермен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Меніңше, үстіміздегі жылдың 3-ші тоқсанында нені, қайда жіберетініміз белгілі болады. Бұдан бөлек, жазда Еуропа мен Түркияға чартерлік рейстерді ашатын ойымыз бар. Қазір туристік операторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның Инвестиция және даму министрлігі жүргізген сараптамаға сенсек, 7 аймақтық әуежай тиімсіз деп танылған. Қаңтардың аяғында вице-министр Альберт Рау, жолаушылардың аздығына байланысты олар өзін-өзі ақтай алмай жатыр, деген болатын.

Альберт Рау, ҚР Инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары:

Семей, Тараз, Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Петропавл мен Балхаш қалаларындағы әуежай жолаушыларының саны жылына 100 мыңдық межеге жетпейді. Бұл көрсеткіш олардың табысқа қол жеткізе алмайтындығын көрсетеді. Бүгінде бұл әуежайлар жылына 7 мыңнан 70 мың жолаушыға дейін қызмет көрсетеді. Яғни тиімсіз.

Ал «Әулие ата» әуежайы тығырықтан шығу үшін тарифті көтеруді жоспарлаған. Қазір бұл бастамадан айнып, енді жүк тасымалдау ісіне басымдық беріп отыр. Былтыр әуе вокзалы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға септесіп, өз табысын 50 пайызға арттырған. Ал биыл транзиттік рейстерге бет бұрмақ. Яғни Қытай мен Еуропа елдері арасындағы алыс-берістің көпіріне айналмақ. Жолаушылар тасымалы саласында да үлкен жоспарлар бар, - дейді әуежай басшысы.

Даулет Хамзин, «Әулие-ата» халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы:

Жуырда жергілікті әкімдік Тазар-Ақтау, Тараз-Көкшетау бағыттарын ашуға өтініш берді. Экспо кезінде Астанаға рейстер көбейе түседі деп ойлаймыз. Сондай-ақ, Анталияға чартерлік рейстерді ашатын жоспарымыз бар. Жалпы, жүк тасымалдаумен қосқанда, біз биыл табысымызды 123 пайызға көбейтуді көздеп отырмыз.

Сөйтіп, еліміздегі тиімсіз деп танылған әуежайлар өзін-өзі ақтай алмаудың себебін жаңғырту жұмыстарымен түсіндіреді. Тірлігін тіктеу үшін олар қазір жан-жақтан амал іздестіріп жатыр. Кейбірі үкіметтің көмегіне жүгінбек. Себебі билік тарапы әлеуметтік маңызы бар бағыттарға қосымша субсидия бөлуді қарастырып отыр.

А.ҚҰРМАНКИН Д.ӘЛІМҚҰЛ