Алматыда өртке оранған үйден екі адамның мәйіті табылды

Алматыда өртке оранған үйден екі адамның мәйіті табылды
14 ақпан, 20:00

Алматыда жер үй отқа оранып, екі адам көз жұмды. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Салтанат Баймұхамбетова айтты. Оқыс оқиға таңертең Наурызбай ауданында тіркелген. Тілсіз жау Тастыбұлақ шағын ауданындағы жеке үйде тұтаныпты. Құтқарушылар келген кезде шатыр опырылып, үй түгелдей қызыл жалынға оранып үлгерген. Өкінішке орай, үй иелерін құтқару мүмкін болмады. Өрт ауыздықталған соң бір ер адам мен әйелдің мәйті табылған. Жалын шарпыған аумақ 80 шаршы метрді құрайды.

Насыр Еркенов, куәгер:

Көршілеріміз ұйықтап жатқан бөлме түгел жанып жатты. Оларды құтқара алмадық. Өйткені  қызыл жалын бет қаратпайды. Кіруге мүлде мүмкіндік болмады.

Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының сөзінше, бұл шағын аудандағы жеке үйлердің басым бөлігі пешке көмір жағып, баспанасын жылытады. Олармен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөнінде құлақтандыру жұмыстары әу-бастан жүргізілген. Алайда, соған қарамастан, бақытсыз жағдай орын алып отыр.

Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:


Қазіргі сәтте ол жерде өрт сөндіру лабораториясы жұмыс істеуде. Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті қызметкерлері ақпан айында осы ағымдағы жылы тұрғындармен кездесу барысында от жаққан кезде пешті жағу ережелерімен таныстырып, жарнамаларды  қолдарына ұстатқан еді.