Балабақша кезегі республика бойынша ортақ бір жүйеге біріктіріледі - БҒМ

Балабақша кезегі республика бойынша ортақ бір жүйеге біріктіріледі - БҒМ
20 ақпан, 20:00

Балабақша кезегі республика бойынша ортақ бір жүйеге біріктіріледі. Ал сәбиге жолдама беруді электронды үкімет негізінде автоматтандыру көзделген. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты. Баласын тезірек балабақшаға бергісі келетіндер пара беруге дейін баратын көрінеді. Министр "электронды жүйеге көшу сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін жағдайларға тосқауыл қояды" деп отыр. 

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:


«Балапан» бағдарламасымен бөлінген, балабақша қызметтері үшін төленетін қаражат қайда бағытталуы керек, дегенге келсек, бұл құқықты ата-аналарға берген дұрыс. Олар үздік ұйымдарды өздері таңдап, соның негізінде мемлекеттік тапсырыс жасалады. Ол жекеменшік пе немесе мемлекеттік балабақша ма - маңызды емес. 

Ал соңғы кезде пікірталасқа арқау болған электронды күнделік жайы да сөз болды. Министр «интернет болса, болды, ешқандай қаржыны қажет етпейтін теңдессіз жоба» деп мақтады. Мұндай күнделікті қолдану әркімнің өз еркі, міндетті емес, дегенді де қосты.

12 кластық білім беруге толықтай көшу 2019 жылы толық жүзеге аспақ. Ал әзірге оның алғышарты ретінде дайындық сыныптары енгізіліп жатыр. Өйткені бала 1 сыныпқа барғанда барлық әріпті танып, санап, тіпті буынға бөліп оқуды да меңгерген болуы шарт. Министрге сенсек, мұның пайдасы орасан.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Кей балалар тез оқи алады, ал кейбірі тіпті әріпті танымайды, бұл мұғалімдерге өте қиын болып тұр. Нолевойды мектепте және балабақшада өтуге болады, оның мәні - бірыңғай оқулықтар, бірыңғай бағдарлама енгізу. Әліппе-букварь қайда кетті деген сұрақ көп туады, енді әріптерді тану, буынға бөліп оқу - барлығы нолевой класста енгізіледі.