Ешбір банк жабылмайды - Шаяхметова

Ешбір банк жабылмайды - Шаяхметова
13 наурыз, 20:00

Халық банкі мен Qazkom арасында келісім жасалу ықтималдығы 80 пайыз. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Халық банкінің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова мәлімдеді. Оның сөзінше, «Казкоммерцбанкті» тәуелсіз тексеру кезінде анықталған форс-мажорлық жағдайлардың бұл келісімге кесірі тиюі мүмкін. Дегенмен бұл шара банкті сауықтыру мақсатында қолға алынды, деп сендіреді Шаяхметова.

Мамандар банктер арасындағы мәміле жоспарға сай жүргізіліп жатқанын жеткізді. Банкаралық келісім әлі аяқталмады. Ал, «Казкомның» бақылау пакеттері акциясын сатып алу жоспарда бар. Бірақ бұл мәміле заңды тұрғыдан алғанда банктер бірігеді дегенді білдірмейді. Сондықтан қос қаржылық институттың біреуі жабылуы мүмкін емес. Ал банк салымшылары жинағымыз не болады деп ойлап, уайымдамаса да болады, дейді Халық банкінің басшысы.

Үміт Шаяхметова, "Халық Банкі" АҚ басқарма төрағасы:

«Казкомға» келер болсақ, қаржы реттегіш тарапынан үлкен көмек көрсетіліп отыр. Сондықтан екі банктің бірігуі мүмкін емес. Өйткені бұл жағдайда икемге келмейтін алып қаржылық құрылым пайда болады. Қазір біз Ұлттық Банк және үкіметпен келіссөздер жүргізіп, егжей-тегжейлі талқылап жатырмыз. Бұл жұмыстардың барлығы жоспарға сай жүріп жатыр. Сондықтан зиянды салдары болмайтыны анық. 

Еркін КАРИН