Қазақстан Ислам қаржы ұйымдарын енгізу арқылы, шет елден инвестиция тартуға ниетті

Қазақстан Ислам қаржы ұйымдарын енгізу арқылы, шет елден инвестиция тартуға ниетті
14 наурыз, 20:00

Қазақстан Ислам қаржы ұйымдарын енгізу арқылы, инвестиция көлемін арттыруға ниетті. Бұл туралы Астанада өткен форум барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының төрағасы Қайрат Келімбетов мәлімдеді. 

Оның сөзінше, ислам қаржыландыру нарығы - әлемдегі ең үлкен орталықтардың бірі. Қаражат көлемі шамамен 2 триллион АҚШ долларына тең. Бұған дейін аталмыш ұйыммен тек Ислам мемлекеттері жұмыс істеп келген. Қазір экономикасын дамыту үшін көптеген елдер ұйымнан қаржы тарту механизмін тиімді пайдалануда. Олардың ішінде Қытай, Франция, АҚШ, Жапония сынды экономикасы тұрақты мемлекеттер бар. ТМД елдері арасында Қазақстан - осы ұйыммен қарым-қатынасты дамытуды қолға алған алғашқы мемлекет. 

Қайрат  Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

Ислам қаржыландыруын біздің елде дамыту - «Астана» ХҚО-ның бірден бір бағыты. Мұның өз принциптері бар. Мысалға, белгілі бір шариғат заңдарын ұстанады. Қазақстан тарапына келсек, біз ТМД-ға мүше мемлекеттер ішінде ислам қаржыландыруын пайдалануда үздік бола алар едік. Жалпы бұл қадамға қызығушылық танытып отырғандар көп. Себебі бұл мемлекеттің экономикасын дамытуға және көп мөлшерде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Форум аясында Ислам банкі, Ислам коорпорациясы мен Қазақстанның қаржы ассоциациясы әріптестік жөнінде бірқатар келісімдерге қол қойды. Бұл құжаттар Қазақстанда Ислам қаржыландыруын арттырады деген сенім бар.