Теміртаудағы екінші жылу электр станциясы қайта жөнделеді

Теміртаудағы екінші жылу электр станциясы қайта жөнделеді
14 наурыз, 20:00

Теміртаудағы жылу проблемасы оң шешілетін сыңайлы. Тозығы жеткен екінші жылу электр станциясы қайта қалпына келтіріледі.

Бұл жұмысты «АрселорМиттал Теміртау» мен Орталық Азия энергетикалық компаниясы бірлесіп жүзеге асырмақ. Жөндеуді биыл бастау жоспарланған. Ал, жобаға жұмсалатын 83 млрд теңгені компаниялар бірлесіп өтейді. Бұл туралы компания өкілі қоғамдық тыңдауда мәлімдеді.

Владимир Лесин, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас энергетигі:

Қазір Орталық Азия энергетикалық компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар біріккен кәсіпорын құруға тікелей қатысады. Жылу станциясын биылдан бастап жөндейміз. Бұл жылу мәселесін шешіп қана қоймай, болат өндірісін да жақсартады.

Мамандардың мәліметінше, жылу орталығындағы 6 қазандық пен 4 турбина 40 жыл бұрын іске қосылған. Қолдану мерзімінен 2 есе артық жұмыс істегендіктен, қаңқасын ғана сақтап, толық жөндеу қажет. Су тартқыштар мен тазартқыштар, электр желілері де ауыстырылады. Ескі қазандықтар өндірістік қалдықтармен жылытылса, жаңа пештерге қызуы жақсы Екібастұз көмірі жағылмақшы. Компания өкілдері қарапайым тұрғындар үшін тариф қымбаттамайды деп отыр. Ғалымдар жаңа қазандықтардың экологияға айтарлықтай зиян келтірмейтінін айтты. Қайта қалпына келтіру жұмыстарын 2023 жылға қарай аяқтау жоспарланған.