Қазақстанның индустриялық саясатына түзетулер енгізу қажет - сарапшы

Қазақстанның индустриялық саясатына түзетулер енгізу қажет - сарапшы
14 наурыз, 20:00

Қазақстанның индустриялық саясатына түзетулер енгізу қажет. «Нұр Отан» партиясында өткен дөңгелек үстел барысында осындай пікір айтылды. 

Партияның саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы өкілінің айтуынша, жұмыспен қамтудың оңтайлы жолын шетелдік озық үлгілерден қарастыру керек. Соның бірі  - Азиялық үлгі. Оның негізінде аграрлық сектордағы реформа мен қаржылық және индустриялдық саясатты сәтті жүзеге асыруға болады. Бұл озық идеяның жемісін Жапония, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдер көріп отыр,- дейді сарапшы. Сонымен қатар, индустриялдық саясатты іске асыру барысында тұтас механизмнің жұмысын қадағалау да маңызды.

Қанат Оспанов, «Нұр Отан» партиясы саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының бөлім меңгерушісі:

Біріншіден, мемлекет технологиялық сатыларды назарда ұстауы керек. Екіншіден, кәсіпорындарға көмектесе отырып, осы фактордың барлық механизмінің толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасау маңызды. Себебі күрделі процестің бір бөлігі тоқтап қалса, тұтас өндіріс тоқтайды. Сондай-ақ, қолдауға бөлінетін қаржы мен жеңілдетілген несиелер де осы салаға бағытталуы тиіс.

Нарықтық қоғамда басшы мен қарапайым қызметкердің проблеманы бірлесе отырып шешуі - ұтымды тәсілдердің бірі. Экономика ғылымдарының докторы Мейрам Қажыкенның ойынша, әлеуметтік әріптестік күрделі дағдарыстық кезеңде де, лайықты шешім табуға ықпал етеді.

Мейрам Қажыкен, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Дамыған елдерде қолданылатын әдістер бар. Оның біреуі - әлеуметтік әріптестік деген. Әлеуметтік әріптестік қоғамды біріктіреді.