«Қазинвестбанк» активтеріне бірнеше банк таласқан - Ұлттық Банк

«Қазинвестбанк» активтеріне бірнеше банк таласқан - Ұлттық Банк
16 наурыз, 20:00

Қаржылық операциялар жүргізуге қауқарсыз деп танылған «Қазинвестбанктің» активтерін алуға бірнеше банк үміттенген. Алайда тендер нәтижесі бойынша бір банк таңдап алынды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлімдеді.

Алайда лицензиясынан айрылған банктің шаруасын ары қарай жүргізуге қай қаржы институтының кірісетінін нақтылаған жоқ. Бүгінде "Қазинвестбанкке" тағайындалған уақытша әкімшілік активтерді түгендеу процесі жүріп жатыр. Егер сәтті аяқталса, салымшылардың қаражатын қайтармай-ақ, таңдап алынған сенімді банк арқылы басқаруға мүмкіндік туады, дейді Ұлттық банк өкілі. Айта кетейік желтоқсанда Ұлттық банк «Қазинвестбанктің» лицензиясын кері қайтарып алу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп қаржылық операциялар жүргізу құқығынан айырған еді.

Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

Жақында біз «Қазинвесттің» активтері мен міндеттемелерін жаңа таңдап алынған банкке өткізуге рұқсат бердік. Тендер барысында бірнеше банк үміткер болып, оның ішінен қолайлы деген қаржы институты таңдалды. Тиісінше, аукцион барысында озық шыққан банк қысқа мерзім ішінде активтерді бағалап, өздеріне алуға шешім қабылдап отыр.

Ұлттық банктің дерегінше, жыл басынан бергі инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізінде қалыптасқан. АҚШ-тың федералдық қосалқы жүйесінде базалық көрсеткіштің көтерілуі туралы ақпар Қазақстанды да айналып өтпейді. Яғни ол ұлттық валюта құнына әсер етуі әбден мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтты. Қаржы нарығындағы құбылыстардың әлемдік валюта нарығындағы сауда-саттықпен және ОПЕК-тің мұнай құнына қатысты шешімдерімен тікелей байланысты екенін халық түсініп келеді. Біз де осы бағытта ішкі қаржылық қатынастарды реттеп, қажет болса, тиісті шаралар қолданып отырамыз, дейді бас банкир.