Бюджет қаржысы ең қажетті салаларға бағытталуы керек - Қасым-Жомарт Тоқаев

Бюджет қаржысы ең қажетті салаларға бағытталуы керек - Қасым-Жомарт Тоқаев
17 наурыз, 20:00

Бюджет шығыстарына қатысты мәселе тыңғылықты пысықталып, қаржы ең қажетті салаларға бағытталуы керек. Осылай деген Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың Үкіметті босаңсытып отырғанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Қаржыны ең қажетті салаларға ғана бөлу керек. Көп көлемде қаражат кететін имидждік жобаларға бөлінген ақшаны қысқарту қажет. Бюджетті ысырап етуге жол берілмеуі тиіс. Іскерлік белсенділікті ынталандырып, кірістерді арттыруға ықпал етіп, шағын және орта бизнеске қолдау жасауы керек. Ұлттық қор қаржысын пайдаланудың қазіргі тәжірибесі ұзақ мерзімді перспективада Үкіметтің экономикалық саясаты тиімділігінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Сонымен қатар, Сенат төрағасы республикалық бюджеттің 46 пайызын Ұлттық қордан келетін трансферттер құрайтынын айтты. Бұл бюджеттің мұнайдан түсетін қаржыға айтарлықтай тәуелді екенін байқатады. «Біз экономикалық өсімнің жаңа моделін құрып, бәсекелестік пен нарық жағдайларында өмір сүруге үйренуіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, жиында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясында және басқа компанияларда мемлекеттік аудит жоспарланғаны белгілі болды. Үкімет жоспары бойынша 2030 жылға қарай Ұлттық қордың активтері 80 миллиард долларға жетуі керек. Ал өз кезегінде Бақыт Сұлтанов проблемалық несиелер қорының қаржы министрлігіне неліктен өткенін түсіндіріп берді.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Проблемалық несиелер қоры ұлттық банктен қаржы министрлігіне өтті. Кез-келген осындай қордың қысқа мерзімде шығынға ұшырайтыны мәлім. Себебі олардың ісі жұмыс істемейтін активтермен, несиелермен байланысты. Қор ұлттық банкте қала беретін болса, оның шығынын арттырады. Ал заң бойынша, егер Ұлттық банк шығынға ұшыраса, орнын біз толтыруымыз керек. Қордың қаржы министрілігіне берілуінің бір себебі осы.