Алматылық көпқабатты үйде тұратын азаматтар ит ұстаған көршілеріне наразы

Алматылық көпқабатты үйде тұратын азаматтар ит ұстаған көршілеріне наразы
17 наурыз, 20:00

Алматының Орбита шағын ауданындағы тұрғындар далаға шығудан қалды. Тіпті түн баласы тыныш ұйықтау да мұң болған. Тәулік бойы ауыз жаппай үретін иттерден әбден шаршаған халық тілшілеріміздің мәселеге араласуын сұрады. Айтуларынша, үйдің кіреберісі нәжіске толған, балалар алаңындағы иттер серуендеген жер тазалықтан жұрдай. Ит ұстау ережесін сақтаңыздар деген ескертуге төрт аяқтылардың қожайындары пысқырып та қарайтын емес.  Ал жергілікті атқамінерлер мәселе тек ішкі істер қызметінің құзырында деп отыр.

Балтабек Саитов бұл дауыстан әбден мезі болған. Пәтерлерінде ит ұстайтын көршілеріне деген өкпесі қара қазандай. "Олар таңсәріден кеш қарайғанға дейін өз алыпсоқтарын тұмылдырықсыз далада алып жүреді. Ал, балалар ойнайтын алаңқайда төрт аяқтылардың нәжісінен аяқ алып жүре алмаймыз" дейді. Сондықтан иттердің қожайындары жазасын алса, деп отыр.

Балтабек Сайытов,  қала тұрғыны:

Ит деген сондай жануар 24 сағат үреді. Кішігірм емшектегі балалар бар деген сияқты. Жаздың күндері өте қиын. Әйнектері ашық тұрады. Сол кезде үре бастайды. Ауыздары жабылмайды. Айтып көр, итімді қоя беремін, жұлып алады, деп қорқытады. Кәдімгідей осыған налог салса. Адамға налогты салады ғой. Полный запрет болмайтын шығар, үйде ұстамау керек шығар деп ойлаймын.

Бахтолла Теміржанов, қала  тұрғыны:

Қожайындары қаппайды, қорықпаңыз,- дейді. Бірақ біз үлкендер немерелеріміз үшін алаңдаймыз. Аулалар тазалықтан жұрдай болды. Мысалы, шетелде мұндай нәрсе жоқ. Төрт аяқтының иесі өзімен бірге целлофан қалтамен бірге  қоқысты жинайтын қалақтарын алып жүреді. Сондай мәдениетті. Бізде мүлде басқаша жағдай. Тура бір өмір сүруді енді бастағандаймыз.

Тұрғындардың жанайқайын кейбір көрші түсінгендей кейіп танытады екен. Бірақ басым бөлігі пысқырып қарайды.  Ал, жергілікті атқамінерлер тек арыз-шағымды қабылдаумен шектеледі. Одан қалса, түсіндірме жұмыстарын  жүргізуге қауқарлы. Нақты бір шара қолдануға құзыреті жетпейді.

Бекдат Данияров, Алматы қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

Жалпы иттерді үйде ұстау мен серуендетуге қатысты арнайы заң жоқ. Алматы қалалық мәслихаты бекіткен төрт аяқтыларды ұстау ережесі бар. Иттердің қожайындарын әкімшілік жауапкершілікке тек ішкі істер органдары тарта алады. Бұның бізге қатысы жоқ. Біз өз тарапымыздан сол жерге барып, жануарларды ұстаған адамдармен түсіндірме жұмыстарын ғана жүргізе аламыз.

Айгүл Ермахан, тілші:

Жануарларға қызығып, оларды асырағысы келетіндер шаһарда көп- ақ. Әйтсе де, қаладағы жеке үйлер мен пәтерлерде ит пен мысық ұстаудың өз қағидалары бар екенін бірі білсе, енді бірі хабарсыз. Яғни үй жануарларын байлап ұстау, асырау және тұмылдырық кигізіп серуендету қағидасына сәйкес әрекет ету қажет. Ережеге бағынбаған жағдайда  3 бен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Алайда арнайы ережеге әзірге ешкім бағынар емес. Ашуға булыққан тұрғындардың ендігі үміті Ішкі істер минстрлігінде. 

Айгүл ЕРМАХАН