«ЭКСПО-2017» павильондарын шет елдік қатысушыларға тапсыру осы айда аяқталады

«ЭКСПО-2017» павильондарын шет елдік қатысушыларға тапсыру осы айда аяқталады
17 наурыз, 20:00

«ЭКСПО-2017» павильондарын шет елдік қатысушыларға тапсыру наурыздың соңында аяқталады. Қатысуға ниет білдірген 115 мемлекеттің 103-і өз павильондарына жайғасып үлгерген. Инфрақұрылым тартылған көрме өткізетін орындардың құрылысы қазан айында толық аяқталған.

Енді қатысушы әр мемлекет көрменің ішкі мазмұнын тақырыпқа сай жабдықтауды қолға ала бастады. Аумағы 1000 шаршы метрден асатын Қытай павильоны Малайзия, Үндістен секілді елдермен бір ғимаратта орналасқан. Тақырыбы тарих мен болашақты байланыстырып тұр. «Болашақ энергиясы, Жасыл жібек жолы» деп аталады. Қытай 2010 жылы «Ең жақсы қала, ең жақсы өмір» деген тақырыпта Халықаралық көрмені ұйымдастырған. Ал екі жыл бұрын Миланда өткен көрмеде 4590 шаршы метр аумаққа кеңінен жайғасқан еді.

Илья Оразақов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ халықаралық қатысушылармен жұмыс жөніндегі департамент директоры:

Кей қатысушылар электр қуатын арттыру сынды бірқатар техникалық талаптарын білдірді. Халықаралық көрмеге қатысу ережелері келісімшартта алдын ала бүге-шігесіне дейін жазылған. Ал өз тарапымыздан өзгертуге болатын тұстарды ескеруге тырысып жатырмыз.

Ал 866 шаршы метр аумақта Австрия елінің азаматтары қарбаласып жұмыс істеп жатыр. Олардың таңдаған тақырыптары да ерекше. «Ақыл, жүрек және күш» деп аталды. Бірі жаңа энергия көздерін шығарумен шұғылданса, екінші бөлігінде демалысқа мүмкіндік берілген. Келесі аймақта пікір, ақпарат алмасу процестері жүріп жатады.

Герхард Сайлер, Австрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Павильон бюджеті 5 млн еуро. Аумағы 900 шаршы метрге жуық. Павильонды жарақтандыру үшін, 2-3 австриялық компания мен келісімшарт жасалған. Көрме кезінде мәдени бағдарламаға басымдық беріледі. Келушілердің Австрияның әйгілі классикалық музыкасын тыңдауға мүмкіндігі бар.