Шахандағы жапа шеккендерге көмек қорына жиналған қаражаттың жұмсалуы қадағалану керек

Шахандағы жапа шеккендерге көмек қорына жиналған қаражаттың жұмсалуы қадағалану керек
17 наурыз, 20:00

Шахандағы жапа шеккендерге көмек қорына жиналған қаражаттың жұмсалуы қадағалану керек. Аталған елді мекендегі жергілікті қоғамдастық өкілдері осылай деп отыр. Және олар бұл істі «Нұр Отан» партиясы қадағаласа, деп отыр.

Қарағанды облысы Шахан кентінің тұрғындарына жәрдем көрсету мақсатындағы қорға барша 177 млн теңгеден астам ақша жиналған. Қаржының басым бөлігі жұмсалды бүгінде 55 млн теңгесі ғана қалған. Ал, тұрғындар жаңадан орнатылған қазандық апат болған үйді жылытпайды,- деп шағымдануда. Қамқорлық кеңесінің мүшелері болса, жылыту қондырғысына тиісті ақының көп бөлігін төлеп қойған. Осы ретте қоғамдастық өкілдері, халықтан жиналған қаржының мақсатсыз жұмсалуы мүмкін деп, күдіктеніп отыр.

Сапар Ібікеев, Қарағанды облысы Шахан кентінің жергілікті қоғамдастық төрағасы:

Бұл қаза тапқан адамдардың қанымен жиналған ақша. Бүкіл ел болып жинап, тергендерін жіберді. Ондай қаржыны үнемдеп, есеппен жұмсау керек. Ары-бері шаша беруге болмайды. Қалай жұмсалып жатқанын  «Нұр Отан» партиясы қадағалауына алса деген тілегіміз бар. Сонда ғана барлығы ашық, айқын, әрі таза болады.

Еске салсақ, Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің жертөлесінде қазандық жарылған еді. Салдарынан үйдің бүкіл бір подъезі құлап, 9 адам қаза тапты. Оның үшеуі бала. Төтенше жағдайдан 4 отбасының пәтері тұруға жарамсыз болып қалды. Тағы 10 шақты баспана жартылай зақымданған. Бүгінде жапа шеккендерге көмек көрсету қорына жиналған қаржыдан 11 отбасына пәтер сатылып алынды. Сондай-ақ, қордағы ақша адамдарды жерлеу рәсімі мен апатты подъезді жөндеуге  жұсалған. Жергілікті билік өкілдері енді қалған 55 млн теңгеге Шахандағы көпқабатты үйлердің жертөлесінде орналасқан 14 қазандықты сыртқа шығаруды жоспарлап отыр. Қамқорлық қорының есебінше, ол үшін 70 млн теңге қажет. Жылу жинау әлі жалғасуда. Белсенді азаматтардың Шахан кентіндегі үйлердің жылыту жүйесіндегі кінәраттар анықталып, жөнделсе деген тілегі бар. Олар бұл мәселеге қатысты тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жинап жатыр.