Рудный ЖЭО-дағы өндірістік апатқа жұмыс беруші кінәлі болып шықты

Рудный ЖЭО-дағы өндірістік апатқа жұмыс беруші кінәлі болып шықты
17 наурыз, 20:00

Екі адамды опат қылған Рудныйдағы оқыс оқиғаға жұмыс беруші кінәлі. Қостанай облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің  мамандары  осындай мәлімдеме жасады.

Қанат Қиылманов, Қостанай облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бөлім басшысы:

1997 - 2003 жылдар аралығында бөлшекті шығарған зауытпен келісім жасалмастан, жылыту орталығындағы  дросселдік клапан алынып тасталған. Соның  салдарынан құрылғы істен шыққандығы анықталды.

Департамент өкілдері өндірістік апатқа нақты қай кәсіпорынның кінәлі екенін анықтай алмады. Өйткені жылу-энерго орталығы әуелі «Амид» серіктестігіне қарасты болған. Кейін «Соколов-Сарыбай» кен басқармасынның балансына беріліпті. Яғни қос кәсіпорынның қайсысы құрылғыны өзгерткені белгісіз. Кінәлі тарапты енді полицейлер анықтауы тиіс. Себебі бірнеше айға созылған тексеріс қорытындысы ішкі істер бөліміне жолданыпты.

Еске салайық, өткен жылы желтоқсанда Рудныйдағы жылу-энергетика орталығында құбыр жарылып, екі адам көз жұмды. Түрлі деңгейде күйік жарақатын алған үш адам аурханаға жеткізіліп, аман қалды.