Өмір бар жерде өлім бар. Мәйітхана тапшы...

Өмір бар жерде өлім бар. Мәйітхана тапшы...
18 наурыз, 20:00

Осы аптадағы үкімет отырысында Әділет министрі Марат Бекетаев елімізде ...мәйітхана тапшылығын көтерді.

- Соңғы жылдары тұрғын-үйлер, ауруханаларға қомақты қаржы бөлініп келеді. Ал жаңа мәйітхана салуға бөлінгені тым аз. Оған мән берілмей кеткен. Бірақ бұл ірі қалалар үшін аса маңызды мәселе, - деген Бекетаев. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл мәселені бірігіп талқылауды ұсыныпты. Біртановтың айтуынша, соңғы он жылда елімізде орташа өмір сүру деңгейі 72 жасқа дейін ұлғайған. Ана өлімі 3,5 есеге азайған. Алайда... бізде әл бермей отырған ауру түрлері бар. Қартаймай өлу тенденциясы да өзгерер емес... 

Сонымен, біртүрлі естілсе де, бар проблема болғандықтан, бұл тақырыпты қаузап көрдік. Оның үстіне сот-медициналық сараптама жасау тәрізді маңызды мәселемен де қабысады. Айзада Төребекқызының сараптамасы.  

Тұрдалы Мырзақұлов, «Сот медицинасы орталығы» РМҚК Оңтүстік Қазақстан филиалы кезекші бөлімінің жетекшісі:

Желдеткіш жүйелерінің барлықтары да істен шыққан. Қазіргі таңда  міне, көріп отырсыздар орны бар, бірақ ешқайсысы да жұмыс істемейді. Бұлардың бәрін ауыстыру қажеттілігі туындайды. Себебі осы жерде  мәйітханадан шыққан жағымсыз иістердің барлығы осы жүйелер арқылы бүкіл осы ғимараттың ішіне тарайды. 

Бұл Шымкенттегі мәйітхана. Осыдан тура отыз жыл бұрын  пайдалануға берілген. Мәйітхана мен сот медицинасы орталығы бір ғимаратқа жайғасқан. -Басты қиындық осы, -дейді мекеме басшылары. Бір бөлігінде мәйітке сараптама жасалып жатса, екінші қабатта бүткіл ұжым жұмыс істеп отыр. Әсіресе аптап ыстықта  түскен мәйіттермен жұмыс істеу қызметкерлерге ғана емес, сырттан келетін азаматтарға да қолайсыз туғызады екен. Орталықтағылар мәйітханаға арнап  бөлек ғимарат салып беру мәселесін талайдан көтеріп келеді.  

Жандос Шамшыбеков,  «Сот медицинасы орталығы» РМҚК Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры:

Біздің аумағымыз өзімізге жеткілікті, соған секционный бөлімді жеке бөлек салып беруді сұрап жатырмыз. Қаражаттың жоқтығына байланысты бізге әлі қаражат бөлген жоқ. Жаздың күндері егер вскрытие жасалатын болса шіріген мәйіттер түскен кезде иістің бәрі әкімшілік ғимаратқа өтіп жатыр. 

Жандос Шамшыбековтің мәліметінше, Шымкент қаласының тұрғындары бүгінде 1 млнға жетіп қалды. Соған сәйкес мекеме қызметкерлерінің саны да артып отыр. Бірақ ғимараттың тарлығынан бір бөлмеде бірнеше қызмет  қатар атқарылып жатқан жайы бар.

Жандос Шамшыбеков,  «Сот медицинасы орталығы» РМҚК Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры:

Бұл жерде мәйіттен басқа тірі адамдарды қабылдаймыз. Тірі адамдарды қабылдап, жәбірленушілер мен айыпталушыларды сараптама жасалады.Сот-химиялық сараптама жасалады.Одан кейін мына жерде сот-биологиялық бөлімшеміз бар.Сот-психиатриялық бөлімшелеріміз бар. Соның бәрі симайды,бөлімшелерге, 150 адамдай бар.  

Ғимараттың кәріз, су мен жылу жүйелерін жаңалау керек. Күрделі жөндеуге қол қысқа. Он жылдай бұрын тек  шатыры ауыстырылыпты. Өзге шаруа ұжымның күшімен шешіліп келеді.  

Айзада Төребекқызы, тілші:

Бұл жерде сот медицинасы орталығының химия-токсикологиялық бөлімшесі жайғасқан. Көріп тұрғанымыздай, бір ғана кабинетте сегіз бірдей сарапшы отыр. Ғимараттың тарлығынан бар болғаны 30 шаршы метрдей  ғана болатын бөлмеде қысылып-қымтырылып жұмыс істеуге мәжбүр.

Бір бөлмеде адам санымен қоса  құрал-саймандар да тұр. Компьютерлік жабдықтар да аз емес. Қондырғылардың көптігі қызметкерлердің денсаулығына, жүйкесіне кері әсерін тигізбей қомайды,- дейді мамандар.  

Диляра Бегишева, химия-токсикологиялық бөлімше меңгерушісі:

Қосымша кабинеттер керек. Қондырғылар  бөлек бөлмеде тұруы тиіс. Сарапшылар талапқа сәйкес, әрі кетсе 4 адамнан  отыруы керек. Зертханада да осындай қиындық. Жеті адам бір жерде отыр. Тіпті мәйіттерден алынған айғақты заттар бөлек тұруы тиістігіне қарамастан, сол бөлмеде зерттеуге тура келеді. Жұмыс істеуге өте қолайсыз. Бірақ басқа амалымыз жоқ. 

Шымкенттегі бұл орталықты өткен жылы санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес емес деп уақытша жауып та тастапты. Тек сот арқылы қайта аштыртқан.  

Алматыда да осындай қиындық. Мұндағы  сот медицинасы орталығы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бері жұмыс істеп келеді. Ғимараттың іргетасы бір ғасыр бұрын қаланыпты. Мәйітхана ешқандай талапқа сәйкес келмейтінін айтады, орталық басшылығы. Ғимаратта өліні былай қойғанда тірі адамның өзіне жағдай жасалмаған. 

-Вот это единственная душевая кабина, где сотрудники рабочего дня имеет возможность ополоснутся ... 

Бұл ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп те түзулей алмайсың. Қабырғасы қамыстан өрілген. Жамап-жасқалған нысанды төтенше жағдайлар қызметінің мамандары «сүріп тастау керек» деген қорытынды шығарған. Сол себепті біраз уақыт көшіп-қонып  жүруге мәжбүр болыпты.Мұнда ғимараттың ескілігі, тоңазытқыштың жеткіліксіздігі деген мәселе тағы бар. Маман да тапшы. 

Тахир  Халимназаров, «Сот медицинасы орталығы» РМҚК Алматы филиалының директорының орынбасары:    

Алматы қаласында біздің филиал бір мекеме, жалғыз мекеме. Осы Алматыда қайтыс болған жағдайдың бәрінде мәйіттерді осы бізге алып келеді. Осы жерде сот-медициналық сараптамасын жүргізеді. Күніне аз дегенде он, кейде он бес мәйітті зерттеуге тура келеді.  

Ғимарат тарлығы астанадағылардың да бас ауруы. Барлық сарапшылар бір жерде отырса. Ол үшін сыйымдылығы үлкен ғимарат салынса. Бұл Астана филиалындағылардың арманы. Айтуларынша қазіргі таңда Астана қаласындағы сот медицинасы орталығына қарасты бірнеше бөлімше шаһардың  әр аумағында отырады. Сот сараптау қызметіндегілер үшін бұл едәуір қиындық тудыратыны белгілі. Егер барлық сарапшылар бір жерден кіріп шығар болса жұмысты  жетелдетуге септігі тиеді. Ал мәйітхананың жайы оларда да мәз емес. 

Кенден Мақашев, «Сот медицинасы Орталығы» РМҚК Астана  филиалы сараптама жұмыстары бойынша  директорының орынбасары:  

Оған қарамастан біз енді өз күшімізбен біз бұл ғимаратты сол қалыпта ұстауға,сол талаптарға сәйкес ұстауға тырысып жатырмыз, тырысамыз да. Әр жыл сайын біз енді жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. 

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі: 

Соңғы уақытта мәйітханалар құрылысына қаржы тым аз бөлінген. Осы салаға кейінгі кезде көңіл бөлінбей кеткен. Ал бұл үлкен қалалар үшін өте маңызды  мәселе. Сондықтан мен жергілікті қазынадан қаржы қарастырылса деп әкімдерге өтініш жасар едім. Мүмкін республикалық деңгейде қаржы сұрауға да болар. 

Әзірге қанша мәйітхана салу қажеттігі нақты айтылмады. Әділет министрлігінің ақпарына сүйенсек, кейбір  қалаларда ғиратты жалға  алып отырған жағдайлар бар. Ал жаңа нысан тұрғызуда тек қазына қаржысымен шектелмей, мемлекеттік кәсіпкерлік әріптестік аясында құрылыс салу мәселесі де қарастырылмақ. Оған дейін еліміздегі мегаполис саналатын үш шаһардағы сот медицинасы орталықтары біз сипаттағандағыдай күйде қызмет көрсете бермек. Ал өмір бар жерде өлім бар. Бұл – ақиқат...  

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».