«Маған жүргізуші куәлігін сатып алып берді! Әкешім, рақмет саған!»...

«Маған жүргізуші куәлігін сатып алып берді! Әкешім, рақмет саған!»...
18 наурыз, 20:00

Маған жүргізуші куәлігін сатып алып берді! Әкешім, рақмет саған! 

Алматылық Әйгерім қойнына сыймай жариялаған жаңалығы күйзеліске түсіретінін сезбеп еді. Күйзеліс деп қоямын, бәлкім, уайымдамаған да шығар... Иә, түсінген шығарсыздар, айтып тұрғанымыз – «куәлік оқиғасы». Артынша әкесі «қызым баж салығын төлегенімді түсінбей қалыпты» десе, полицейлер бойжеткеннің сынақ тапсырғанын бейнежазба арқылы дәлелдеуге тырысты. Әрбір курсантты жеке-дара түсіретіндеріне қатты таңғалдым. Осындай дау шығуы мүмкін екенін полициядағылар біледі екен ғой. Қандай көреген?! 

Жә, иронияны қоя тұралық. Негізі жұрт Әйгерімнің куәлікті сатып алғанына емес, оны жариялағанына күлді. Себебі сатып алу бар факт.Kolesa.kz порталының редакциясы 1400 адамнан жүргізуші куәлігіне қалай ие болғандарын сұраған. Сауалнама ғой. Қараңыз – 50 пайызына жуығы 49,5 пайызы, куәлікті заңсыз алғандарын жасырмаған: 23 пайыздайы автомектепте оқыған, бірақ емтихан тапсырмаған. 22 пайызға жуығы сатып алған, 5 пайыздайы сыйлыққа алған. Қалған 50 пайыздан сәл астамы оқып, емтихан тапсырып алғандарын айтыпты. 

Көлік апаттарының тым көптігі, тиісінше, мыңдаған адамның өмірі қиыла салатынының басты себебі мүмкін осы шығар – куәлікті сату. Ең басты құндылық адам, адам өмірі екенін шын айтам, түйсінбейміз... Айгүл Ермахан жүргізуші куәлігін сатып алу мүмкіндігін байқап көрді. Не шыққаны, материалында.  

Алматылық Әйгерім Жамбылқызының инстаграмда жүргізуші куәлігін сатып алғанын жариялауы кеудені кернеген қуаныштан болса керек. Неге мақтанбасқа? Егер үйде жатып-ақ маңызды құжаттың иесі атануға болатын болса! Куәлікті оңай сатып алғандарына қарағанда әкетайы  тамыр-танысты азамат сыңайлы. Не болса да, бір апта Қазнетті дүрліктірді. Қарекетін балалыққа балағысы келгендер болды. Бірақ 20 жаста қандай жастық? Кезінде қыздарымыз 13-те ақ жаулық иесі атанды емес пе,- деп мысқылдағандар да болды. Не десек те, қыз әкесін жарға жықты. Бірақ шаһардағы белді  ауруханының беделді дәрігері  көпшіліктің сынынан сытылып шықты. Былай деді...

Жамбыл Фазылов,  Ә. Фазылованың әкесі: /Телефон арқылы

Біз бұл мәселеге байланысты түсініктеме бердік, кешірім сұрадық. Қызымның жүргізуші куәлігін заңды жолмен алғанын дәлелдейтін бейнетаспа бар, ол тиісті органдарда тіркелген. Куәлік алар кезінде баж салығын кассаға төледік, қызым сондықтан сатып алды деп түсінсе керек.

Енді басқа не айтсын? Қызының жүргізуші куәлігін заңды жолмен алғанын дәлелдейтін бейнетаспа бар деп жар салды. Тиісті орган да солай деуін күтіп-ақ отыр екен. Дереу Әйгерімнің теорияны оқып, полиция инспекторының бақылауымен көлік айдап жүргені бейнеленген жазбаны ұсынды. Алайда мамандар  бұл жазбаның шындыққа жанаспайтынын айтты. 

Мая Мамедова, автомектеп директоры: 

Егер бұл шынымен емтихан болса, ондай сынақтар Халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізіледі. Арнайы жарақтандырылған алаңда  жол белгілері, бағдаршам, тіпті темір жол өткелі де көрсетіледі. Бұл жерде оның біреуі де жоқ. Жәй, қызға көлік айдап үйретіп жүрген көрініске ұқсап тұр.

Мына бейнежазба өтірікші кім дегеннің жауабын беретіндей. Жаз мезгілі екені анық көрініп тұр. Ал көлік айдап келе жатқан Әйгерімнің жүргізуші куәлігін бар ережені сақтап алдым дегеніне сенген күннің өзінде, ол куәлікті жақында - 11-наурызда алды. Яғни бойжеткеннің бұған дейін заңсыз көлік жүргізгені ғой?  Бұл іске қатысты қазір полициядағылар қызметтік тексеру жұмыстарына кіріскен. 

Евгений Яворский, заңгер: 

Маған жүргізуші куәлігін сатып алып берді деген сөздің өзі екі ұшты. Егер біз қандай да бір сараптама жүргізіп, «сатып алдық» деген сөзді талдайтын болсақ, тура мағынасында  бұл тауарды барып сатып алу дегенді білдіреді. Ол өз кезегінде полиция қызметкерлеріне көлеңке  түсірді. Егер бұл жағдайда тәртіп сақшыларының кінәсі дәлелденбесе, онда олар оны сотқа бере алады. Жалпы әкімшілік, қылмыстық және азаматтық жауапкершілік деген бар. Абыройына кір келтіргені үшін де азаматтық тәртіпте сотқа шағым түсіре алады. 

Меруерт Бектемірова,  психолог: 

Ол адамдардың көбінесе білімінің таяздығынан. Немесе адамның өзіне-өзі сенімсіздігінен немесе мақтаншақтық қырынан деп түсінеміз. 

Жалпы  куәлікті оқымай сатып алған жүргізушінің көлік тізгіндеуі неге апаратыны жиі айтылады. Мыңдаған адамның өмірі қиыла салатынының мүмкін басты себебі осы шығар. Ең басты құндылық адам екенін естен шығарғандаймыз бүгінде. 

Дегенмен оқымай-ақ жүргізуші куәлігін алғандар көбірек апат жасауы мүмкін дегенмен   Ішкі істер министрлігінің өкілдері келіспейді. Тіпті олар апат саны  биыл азайды деп отыр. 

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:

2017 жылдың басынан бастап автокөлікті айдау өтілі бір жылға дейінгі жүргізушілер кінәсінен болған жол көлік оқиғалары саны  үш пайызға төмендеді...Бүгінде біз Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен «жол жүрісі» заңына өзгерістер енгізу аясында автокөлік жүргізуге өз бетінше дайындалу барысын алып тастау жөнінде өзгерістер қарастырылуда. 

Бұл бастаманың шикілігі болмаса халық қалаулылары неге алып тастауды ойлап отыр деген заңды сауал туады. Тұрғындардың айтуынша, елде көлік жүргізу мәдениеті төмендеген. Бағдаршамның қызыл көзі жанып тұрса да, өтіп кетіп беру үйреншікті құбылысқа айналған. 

Көшедегі адамдар:

Ешқандай адам праваны сатып алмауы керек. Жол қателікті кешірмейді. Үлкен апаттарға алып келеді.  Оның ішінде адам өлімі. Балалар инвалид болып қалуы мүмкін. 

Самоучка  деп жатады ғой. Өздері үйреніп жатады. Қазіргі жасар қатты айдайды машинаны. Әрине уайымдаймыз. Кішкентай балалар білмейді. Жүгіріп өтуі мүмкін. Жол ережесін мұғалімдер болады ғой, солар қатал қарауы керек.  

Айгүл Ермахан, тілші: 

Ішкі істер министрлігінің азаматарға ешқандай курсқа бармай-ақ өз бетімен оқуға рұқсат бергенінің  нәтижесін делдалдар да көріп жатқан сыңайлы. Халыққа қызмет көрсету орталығына жақындай бергініміз сол еді 50 мың теңгеге 15 күн ішінде жүргізуші куәлігін дайындап беремін деп атойлап жүргендердің үнін естідік. Шынымен бұл кәсіби бизнске айналған ба деген де ой келді. Қазір солардың біреуімен тілдесіп көреміз. 

Жасырын камера: 

Тілші:  Сәлеметсіз! Права жасатайын деп едім. 

Делдал: Городской ғой...Оқыды деген справка бар ма? 

Қанша болады? 

Примерно 50 мың болатын шығар. 

Осы жерде менің баратаным істейді.Сол кісінің қолынан өтеді ғой. 

Ал алматылық полицейлердің айтуынша, бұлар алаяқтар. 

Жандулла Шайхиев, Алматы қаласы ІІД ӘПБ емтихан қабылдау, тіркеу жұмыстары бөлімінің бастығы: 

Орысша айтқанда мошенниктер дейді ғой. Ақшаңызды алады да, не ақша жоқ не права жоқ таппай қаласыздар. Ондай жағдай болған. Біздер бірнеше фактілерді осы ішкі істер басқармасына тіркегенбіз. 

Қалай сонда, полицейлер  аттарына кір келтіріп жүргендерді ауыздықтай алмай ма? Бұл тіпті олар үшін ардың ісі болу керек ғой. Қызық. Екіншіден, жоқ болып кететін алаяқтар деген де біртүрлі естіледі екен. Мүлдем жасалмайтын тірлік болса, әйтеуір бір тоқтауы тиіс бизнес ғой?.. 

Ал өз бетінше емтихан тапсырудың жолы былай. Өз бетінше дайындалған азамат теория мен практикадан 3 рет  сынақ тапсыруға мүмкіндігі бар. Одан сүрінген жағдайда 6 айға қайта дайындалуға жіберіледі.  Десе де жүргізуші куәлігін алушылардың 80 пайызы арнайы мектепте оқып келгендер. Ал, үйде дайындалғандардың тек 20 пайызы ғана көлік тізгіндеуге мүмкіндік алған. Соның бірі - Альбина.

Альбина Жолдыбаева, қала тұрғыны: 

Бүгін екінші рет келдім. Өткенде пробный сабаққа келдім. Содан кейін бе бүгін жақсы өттім. Внимательность керек екен бұл жерде. Жолға жақсылап қару керек екен. 

Жоғары балл алып жүргендер арнайы курстардан өткен адамдар болса да көлік мектебіне деген сұраныс азайған. Алматыда заңды тіркелген 55 автомектеп бар. Өкілдерінің айтуынша, бұрындары бір курста 30 адамнан оқытса, қазір 10 -ақ адам жиылады екен. Бұндай бастама Ресейде болған,- дейді мамандар. Бірақ нәтиже бермеген. Сондықтан уақыт өте келе адамдар көлік жүргізуді өз бетімен үйрене алмайтынын түсініп, арнайы мектептерде білім алуға қайта келеді деген сенімде. 

Рая Мамедова, көлік  мектебінің  директоры: 

Бізде инструкторлардың өзі әрбір бес жыл сайын  емтихан тапсырып, дайындалады. Мұнда әрбіріне әрбір сөзді ұғынықты етіп түсіндіреді. Мен өздігінен тапсыру дегенді әлі түсіне алмаймын. 

Автомектепте оқу міндеті жойылған қазіргі жағдайда бір жағынан уақытын, екінші жағынан көлік мектебіне кететін ақшасын үнемдеп жатқандар бар шығар. Бірақ «Колеса. кз» порталы жүргізген сауалнама қорытындысы жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға құштарлықтың 50 пайыз екенін көрсетті. Әрине, бұл қатесіз, дәл есеп емес. Алайда біз қатесі көп еместігін де жақсы білеміз.

Айгүл Ермахан "Біздің уақыт".