Көрісу күні өтті. Алда Наурыз мерекесі!

Көрісу күні өтті. Алда Наурыз мерекесі!
18 наурыз, 20:00

Наурыздың 14-і еліміздің батыс аймағында көрісу күні. Бұл күні бүкіл ағайын-тума әулеттің бас иесіне, ауыл-аймақ сол жердің ақсақалына, жасы кіші үлкенге арнайы барып, қол беріп көрісіп, «бір жасымен» құттықтайды. Әсіресе, бұл – бала-шағаның мерекесі. Ала таңнан әр үйді аралап, үлкенге сәлем беретін балдырғандардың бүкіл қойны-қонышы тәттіге толып, артылғанын дорбаға, пакетке тоғытады, -деп жазды, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы. 

Жалпы, көрісу дәстүріне байланысты «міне, былай» дейтін нақты жауап жоқ. Болжамдар мен жорамалдар. Ол бір «түбін табу керек» деп табандайтын нәрсе емес. Көрісу – басқа өңірлер де атап өтетін дәстүрге айналса! Себебі тамаша дәстүр. Мейрімге, шуаққа толы керемет дәстүр. Оралдан Еркін Кариннің материалы. 

Нұртас Сафуллин, өлкетанушы:

-Менің атам 1906-жылы дүниеге келген Сафолла ақсақал 14-наурызды былай деп әңгімелейді екен. Бұл күнде ағаш біткеннің, жалпы өсімдік атаулының тамырына жан бітеді, тіпті мына қысқы ұйқыға жатқан дала сарышұнақтарына дейін оянады. Дәл осы 14-наурыз күні таңмен таласып, іннің аузындағы топырақ тығынын босатып, жердің бетіне шығып, күн жақсы болып тұрса, кішкене сайран салып бой жазып, егер күн боран болып тұрса сәл іннің аузында отырып, кері кіріп жатады дейді екен.

Жоғымызды түгендеп, барымызды тануға кіріскелі бері зырғып ай, жылжып жыл өтсе де, көрісу күніне қатысты тарихшылар әлі күнге бір тоқтамға келе алар емес. Есесіне қанша маман бар - сонша болжам айтылады. Бірақ қай-қайсысы да қисынды. Қалай десек те, оралдықтар «көрісу айты» дейтін, ал адайлықтар «амал» деп думандата тойлайтын бұл күннің түп-төркіні тереңде жатыр. Аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешкен көшпенділер үшін алты ай қыстан аман шыққанының өзі мәртебе болатын. Күн жылына ұланғайыр даланы бытырай қоныстанған халық туған-туысын іздеп, бір-бірімен көрісетін болған. «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-дағы» деп Қадыр ақын айтқандай, атадан балаға жалғасқан дәстүр дәуірлер тепкінімен тамырынан ажырай жаздады.

Жаңабек Жақсығалиев, тарихшы:

- Мыңдаған километрге шейін бабаларымыз жазда - жайлау, көктемде - көктеу, күзде - күзеу, қыста - қыстауға көшетін болған. Қыстан шыққаннан кейін шұрқырап, сағынып амандасатын болған. Енді қарап отырсақ, Оралдан Атырауға дейін 500 шақырым, Атыраудан Маңғыстауға дейін 1000 шақырым ғой. Кең-байтақ дала ұланғайыр. Осы жорамал шындыққа келіңкірейтін сияқты көрінеді.

Нұртас Сафуллин, өлкетанушы:

- Атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеев кезінде қазақта наурызнама тойы қатарынан 8 күнге ұласқанын айтқан екен. Қатарынан 8 күн тойланған. Енді біздің өңірде басталатын 14-наурызға осы 8 күнді қоссақ, 22-наурызға жетеміз екен. Ал 21-інен 22-іне қарағанда күн мен түн теңеледі. Ұлыстың ұлы күні сонда келеді.

Наурыздағы КӨРІСУ дәстүрі Қазақстанның батысындағы төрт облыста ғана бар. Бұл дәстүр ағайын арасын суытпауды көздейді. Осы күні бір-бірімен көріскен тума-туыс «Бір жасыңмен!» дейді. Бұл сөз «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Дегенмен, көрісу күні бір ғана Батыс Қазақстан облысының әр ауданында түрліше тойланады. Мәселен, өңірдің оңтүстігіндегі кей аудандар 15-наурыздан көрісе бастайды. 

Махмет Қажиахметов, журналист:

- Ауылда неше үлкен кісі болса, соның бәріне көрісіп шығу міндет болатын. Біздерге, жастарға солай үйрететін-ді. Соған барып бәріміз де көрісетінбіз. Енді өзім малшының баласы болдым. Алыс ауылда тұрдық. Сонда ат-шанамен 5-10 шақырым жердегі көрші шопандар, малшылар біздің үйдің үлкен кісілеріне келіп, қонақ болып, үлкен кісілердің батасын алып кететін еді.

Бұл - осыдан жарты ғасыр бұрынғы балалардың естелігі. Ал ғылым-білім дамыған қазіргі заманда айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алу әлдеқайда жеңілдеді. Интернетті ырқына көндіргендер үшін қарбалас тірлікте арнайы іздеп барып көрісуден виртуалды құттықтау әлдеқайда оңай. Әлеуметтік желіге көгенделгендер бір мезетте бірнеше адаммен көрісе алады. Әлбетте, виртуалды түрде.

Нұрлыбек Рахман, блогер:

- Әлеуметтік желілердің бір жақсысы жүздеген-мыңдаған адамды белгілей отырып немесе өзін жекелей құттықтай отырып, бірден құттықтауға болады. Мысалы, мен өзім әлеуметтік желі арқылы шамамен жүздеген адамды құттықтасам, сол көрісу күні шамамен 50 шақты адамның қолын алған шығармын.

Махмет Қажиахметов, журналист:

- Көрісу деген мағына ол адамның өзін көру, өзінің қолын алып, батасын алу. Үлкен ақсақалдар бір-бірінің қолын алып, төстерін айқастырып көрісетін-ді. Әйел адам әйел адаммен. Ал енді орта жастағы балалар үлкендерге қолын беріп, көрісудің рәсімін жасайтын еді.

Ал осы күні жасанып киінген оралдық өнерпаздар жылдағыдай қоғамдық көліктерге таласа мінді. Мінді де, сүреңсіз қыстан қажыған, жұмысқа асыққан жолаушыларды бір қуантып тастады. Адам толы автобустарды күмбірлеген домбыраның үні кернеді. Әншілер әнін әуелетті. 

Көрісу күніндегі думан мұнымен шектелмеді. Мереке музейлер мен театрда жалғасты. Оралдың орталық көшесінде тайқазан орнатылды. Қыз-жігіттер алтыбақан тепті. Бірлікке бастайтын бұл күн өңірде осылай ауқымды түрде алғаш рет атап өтілді.

Нұртас Сафуллин, өлкетанушы:

- Бұл енді тек қана мекеме-ұжымдарда арнайы бір қойылған сахналық қойылымдармен шектелмей, осының мәнін терең сезініп, өзінің отбасында жалпыхалықтық деңгейде тойлау қарқыны жақсара берсе, нұр үстіне нұр болады деп ойлаймыз.

Бұл мереке елдің бірлігін арттырып, араздасқан ағайынды кешірімді болуға баулиды. Ал енді бірер күннен соң елімізге Жаңа жыл - 22-наурыз жетеді. Ал бұл мейрамның тек қазақ халқы ғана емес, күллі түркі әлемі үшін орны ерек.

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің уақыт».