Шымкентте көкпардан КСРО-ның IX дүркін жеңімпазы Әбілхан Дауылбаев атындағы республикалық ашық турнир өтті

Шымкентте көкпардан КСРО-ның IX дүркін жеңімпазы Әбілхан Дауылбаев атындағы республикалық ашық турнир өтті
24 наурыз, 20:00

Ұлыстың ұлы мерекесінде Шымкентте көкпардан республикалық ашық турнир өтті. Сайыс көкпардан КСРО-ның IX дүркін жеңімпазы Әбілхан Дауылбаев құрметіне орай ұйымдастырылды.

Тартысты бәсеке үш күнге созылды. Осымен үшінші рет жалауын желбіреткен жарыста бес команда бақ сынады. Олардың қатарында қытайлық шабандоздар да бар. Айта кетейік, Түлкібас ауданының құрметті азаматы, жоғары дәрежелі жаттықтырушы Әбілхан Дауылбаевтың 67 жылдық мерейтойына арналған турнирдің биылғы ұйымдастырушысы  - ОҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мен ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығы.

Әбілхан Дауылбаев, көкпардан КСРО IX дүркін жеңімпазы:

Бұл турнирдің мақсаты - балаларды ұлттық спортымыз көкпарға баулу. Солардың ішіндегі мықтыларын келешек өзіміздің жоғары лигаға қатысатын балаларды теріп алу, сол үшін өткізіліп жатыр ойын. 

Сәйгүліктерін барынша баптап, сайлап келген командалардың қай-қайсысы да жеңіс жолында аянып қалмады. Әсіресе, Түлкібас ауданының атынан қатысып отырған Майлыкент құрама командасының көкпаршылары ерекше көзге түсті. Бас жүлде - 1 млн теңгені қанжығаға байлады. 2-орынды оңтүстікқазақстандық команда алса, қытайлық шабандоздар 3-орынды қанағат тұтты.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ