Астанадағы фитнес клубтардың бағасын бақылауға алу көзделген - Б.Маржықпаев

Астанадағы фитнес клубтардың бағасын бақылауға алу көзделген - Б.Маржықпаев
03 сәуір, 20:00

Шілдеде Астанада түрлі спорт түрінен бәсеке қыза түспек. Геннадий Головкиннің жекпе-жегінен бөлек, футболдан ұлттық құрама Еуропаның үздік клубтарының бірімен жолдастық кездесу өткізуі мүмкін. Бұл туралы қаладағы спорт және дене шынықтыруды дамыту бағдарламасының таныстырылымында айтылды. Ал бұқаралық спортты дамыту үшін фитнес клубтар бағасы арзандай ма? Айбек Қосан баяндайды.

Айбек Қосан, тілші:

Челси, Милан немесе Ювентус. Кәрі құрлықтағы топ клубтардың бірі Қазақстанға шақырылады. Қонақтардың басты талабы - «Астана аренаның» жасыл алаңының жағдайын жақсарту. Қазіргі таңда голландиялық компания іске кіріскен. 1 мамырға дейін өз жұмысын аяқтамақ.

Аталған бастаманың қолға алынуы - елордамызды спорттық шаһарлардың үздік жиырмалығына енгізу. Ол үшін Ұлттық олимпиада комитеті мен қалалық әкімшілік арасында меморандум жасалып жатқан көрінеді. Сондай-ақ, шара барысында  Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Головкиннің кезекті жекпе-жегін қашан және қайда өтетінін және билет бағасын да айтты.

Берік Маржықпаев, Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

17 июль жарыс болатын болды. Головкин өз қолын қойыпты мына британецпен. 17 июль арасында біздің «Астана аренада» бой болатын болды. Бағалары қымбат болады деп мен өзім ойлап отырмын. Профессональный бокс, өздеріңіз білесіздер, бизнес болып кетті ғой.  Мен ойлаймын, 10-15 мың болуы тиіс деп.

Бірақ Геннадий Головкиннің ресми өкілдері жекпе-жек қай күні өтетіні әлі нақтыланбағанын айтты. 

Олег Герман, Геннадий Головкиннің менеджері:

Бүгінгі таңда Геннадий Головкиннің Қазақстандағы қолғап түйістіруіне байланысты ресми ақпарат жоқ. Сондықтан нақты өткізілетін күн, билеттердің сатылуы мен бағасына байланысты айтудың өзі артық. Геннадийдің қатысуымен болатын бокс кештері сенбі күні өтеді. Келіссөздер күнде өткізіліп жатыр. Сондықтан тек GGG командасы өкілдерінің мәлімдемесіне сүйенген дұрыс. 

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Головкиннің кезекті қарсыласы Билли Джо Сондерс болуы мүмкін. Британдықта Трипл джиге қажетті соңғы WBO белбеуі бар. Оны жеңсе, абсолютті чемпион атанады.

Боксқа ғана емес, бұқаралық спортқа қызығушылықты арттыру үшін әкімдік фитнес клубтардың мәселесін де қарастырмақ. Ол кезде бағаны бір ретке келтіру ісі де қолға алынуы мүмкін.

Берік Маржықпаев, Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Әзірге фитнес клубтардың бізге қатынасы жоқ. Біз білеміз, 28 фитнес клубтар бар ғой. Бізге қатысы болмағасын, бағасын білмей отырмыз. Осы айда солардың барлығымен кездесеміз. Сонда мына әкімге кіргізіп, сондай сұрақтар көтереміз.

Ал бұдан былай Астана мектептерінде қала тұрғындары үшін тегін спорт үйірмелері ашылатын болады. Ол дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне жүктелмек. Ол үшін бюджеттен 100 миллион теңге қарастырылған.

Айбек ҚОСАН