Санкт-Петербургтегі теракт. Макаревич концертін неге кейінге қалдырмады?

Санкт-Петербургтегі теракт. Макаревич концертін неге кейінге қалдырмады?
08 сәуір, 20:00

«Они хотят, чтобы мы все отменили. Вот вам хрен» - «Олар біздің бәрін «қымтап» тастағанымызды қалайды.Атаңның басы».

Ресейлік музыкант Андрей Макаревичтің Facebook желісіндегі жазбасынан. Ол Санкт-Петербургте теракт болған күні кейінге қалдырмай, концертін өткізген етін. Шостакович атындағы филармония сахнасында жоспарлаған концерті – «Идиш джаз» бағдарламасын орындап шықты. Рунет әрине, «ұлардай» шулады. Біреулер бойкот жариялады, біреулер сынады. Ал артистің өзі «Біздің Питердегі концертімізге орай айтарым, естуімше, желі біраз «мүңкіпті». Біз концертті бір минут үнсіздікпен бастадық. Концертте «жырқыл» жоқ. Және бастысы, мұң ұялатады, алайда бүгінгі таңда ешкім өзін абсолютті қауіпсіз сезіне алмайды. Концерттерді кейінге қалдырып, вокзалдар мен әуежайларды, супермаркеттерді жауып тастауға болады. Олай істеген қауіпсіздеу де шығар. Бірақ бұл, олардың жеңгенін көрсетеді. Олар біздің бәрін «қымтап» тастағанымызды қалайды. Атаңның басы».

Жасырмаймын, Макаревичті құрметтеймін. Не үшін екенін тұрақты көрермендер біледі. 2014 жылдан бері оның ұстанымы  - Украинаға байланысты позициясы үшін. Оны өз елінде «халық жауы» еткен ұстанымы...

Санкт-Петербургтегі теракт кезінде опат болған алматылық, Питерде жоғары білім алып жүрген Максим Арышевті кеше ата-анасы жер қойнына тапсырды...

Осы аптада ресейлік еркіндеу ақпарат құралдары метрополитендегі металл детекторлардың түкке тұрғысыз болып шыққанын жазды. Қыруар бюджет қаржысына орнатылған қондырғылар әдеттегідей, коррупция мен көз алдауды демонстрациялаған... 

Санкт-Петербурдағы метро. Астана уақытымен 17:40-та «Сенная площадь» және «Технологический институт» станцияларының аралығындағы туннельде келе жатқан вагон құрамында лаңкес  жарылыс жасайды. Ресейлік ақпарат көздерінің мәліметінше, ол бұл жерді таңдап алып қана қоймай, кем дегенде 2 апта бойы осы жолмен жүріп дайындалған.

Бастапқыда көршілес елдің БАҚ өкілдері бұл қылмысты із-түссіз жоғалған Максим Арышевтың мойнына артты. Бірақ Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті аталған ақпаратты бірден дерлік жоққа шығарған болатын. Көп күттірмей, басты күдікті 22 жастағы Акбаржон Джалилов екені белгілі болды. Қырғыз Республикасының тумасы Ресей азаматтығын алып, Питерде жұмыс істеген көрінеді.

Қырғызстан Республикасы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің өкілі: 

-
Да мы подтверждаем. Уроженец Кыргызстана но гражданин Российской федераций.

Ресейдің тергеу қызметі де  метрода жарылыс ұйымдастырған Қырғызстан тумасы екенін растады. Алдын-ала болжам бойынша ол экстремистік топтың мүшесі болған.

Нұрғали
Білісбеков, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:

Бұл террорлық әрекетке ДАИШ лаңкестерінің қатысы болу әбден мүмкін. Сол ұйымның жергілікті тармақтары болуы да ғажап емес. Олар әр түрлі террорлық әрекеттерді өз мойынына алып, сол арқылы өз беделін көтергісі келеді. Алайда қазір лаңкестер бұл қылмысқа қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

Терактіден кейін Қазақстанда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, шекара мен көлік нысандарының барлығы жіті бақылауға алынды. Алматы метросы да қауіпсіздік шараларын қайта қарап шыққан.

Бақытжан Әбдірахманов, "Алматы метрополитенінің" қауіпсіздік бойынша ревизор:

Жүз пайызға дейін барлық жолаушылардың заттарын через металл детектор арқылы телевизионный қондырғы арқылы барлығын тексеріп өткізіп жатырмыз.

Материал дайындалу барысында біздің арнаның тілшілері ФСБ-ң /Ресей қауіпсіздің қызметі/ отставкадағы офицері Александр Гусакпен скайп арқылы байланысқа шықты. Маман -басты күдікті Акбаржон Джалиловтың жалғыз өзі бұл іске баруы мүмкін емес,- деді. 

Александр Гусак, РФ ФҚҚ терроризмге қарсы күрес бөлімнің экс-басшысы:

Меніңше бұл қылмысты жасағандар бір емес, бірнеше адам. Ал Ресей күштік құрылымдары тек бір күдіктіні қамауға алды. Мен ол жерден тәркіленген айғақ заттарға зер салып қарадым. Детонатордың қалдықтарын тот басқан. Яғни ол жарылғыш бірнеше ай көлемінде жертөледе немесе гаражда сақталған. 

Джажиловтың сыбайластары бар деген болжамды артынша Ресейдің тергеу комитеті де растады. Тіпті лаңкес өзінің «тірі бомбаға» айналғанын білмей қалуы да мүмкін,- деген нұсқалар да жоқ емес. Қысқасы, 6-сәуір күні бұл күдік шындыққа айналды.Тергеушілер Орталық Азиядан шыққан тағы 8 адамның есімін  атады. Аталған азаматтардың тұрғын үйлерінен "Площадь Восстания" метросынан табылған жарылғыш затқа ұқсас құрал, атыс қаруы және оқ-дәрілер табылыпты. 

Жарылыс болған соң пікірлер мен нұсқалардың саны көбейді. Ол түсінікті де. Толассыз ақпараттың ішінде липорт.ру сайтының материалы көзге түсті. Ақпараттық портал бұл ретте  оппозицияның пікірін берген. Олардың ойынша, бұл биліктің 26-наурыз және 2-сәуірде Ресей жерінде өткен жемқорлыққа қарсы акциясының буын тарқатып, халықтың ойын бөлу. Мөр басылған ресми мәлімет болмаса да мұның түбінде бір гәп бар сыңайлы. Себебі, «Азаттық» сайтының таратқан мәліметінде, осы күндерде болған наразылық шараларын ресейліктердің 38 пайызы қолдаған. Тағы бір жайт. Теракт жасалған күні Путин Петербург маңында болатын...

Ал 4 сәуір күні «Вилладж» сайты «Метрода терроризмге қарсы қауіпсіздік жүйесі қалай жұмыс істейді?» -деген материал жариялады. Петербор метросында камерадан алынатын ақпаратты талдайтын жасанды интеллекті осыдан 4 жыл бұрын қолдана бастаған. 2013 жылы құны 5,5 миллион рубль немесе 30 525 000 теңге тұратын автоматты іздеу жүйесі құрылған. Басшылықтың бұған көңілі толып, 14 станцияға осы құрылғыны орнатқан. Пилотты жоба мен қосымша шығынды есептегенде, 1 млрд. рубль жасақтауға жұмсалған. Ал Ресей полиция кәсіподағының басшысы Михаил Пашкин былай дейді. «Метрода металл іздегіш тиімсіз. Адам көп жүретін уақытта бәрін бақылау мүмкін емес. Ал бекетте тек бір полицей тұрады. Егер ол біреуді тексеруді бастаса, басқа адамдар кедергісіз өз бағытымен ары-бері өте береді. Мысалы. террорист алдына бір тәжік азаматын жіберіп, оны тоқтатып жатқанда өте шығуына болады ғой»-дейді.

Ал біздің жерлесіміз Максим Арышев Экономикалық университеттің үшінші курсында оқитын. 20 жастағы ол отбасын құрып, елде еңбек етуді көздеген екен. 

Александр Гросс, Максим Арышевтің жездесі:

Оқудан қайтып келе жатып, ажал айдап метроға отырған. Үнемі көңілді жүретін, ақкөңіл азамат еді. Ол Санкт- Петербургтегі оқуын бітірген соң Қазақстанға оралуды жоспарлап жүр еді.

Максим жарылғышты іске қосуға әрекеттенген жанкештіні өз денесімен жапқан болуы мүмкін. Мұндай болжамды біздің арнаның тілшілеріне марқұмның ұстазы айтты. Максимнің анасынан естіген ақпарымен бөліскен ұстаздың сөзінше, қазақстандық студент вагонда лаңкеске жақын тұрған. Сондықтан аса қатты зардап шеккен және оның мәйіті ең соңғы болып табылды. 

Наталья Лановенко, М.Арышевтың сынып жетекшісі:

Максимнің анасының айтуынша, жанкештінің әрекетін ұлы бірінші болып байқаған. Сол сәтте оның үстіне қарай бар салмағымен құлаған. Сөйтіп жарылыс күшін бәсеңдеткен. Әйтпесе адам шығыны одан да көп болуы мүмкін еді. Ол өзін осылайша құрбан етті дегенге сенімдіміз.

Илья Хобод, сыныптасы:

Оны мен де батыр деп есептеймін. Себебі ол жарылысты іске қосқан адамның қасында тұрғандықтан, алғашқы соққыны өзіне алған. Ол көп адамды құтқарды және ол өмірде де өзгеге көмек қолын созуға дайын тұратын жақсы адам болатын.

Виталий Арышев, әкесі:

Мен мұндай қайғыға бірінші рет тап болдым. Ешкімнің басына мұндай жамандық тілемеймін.

Максим Арышевтың жақындары оның жақсылыққа жаны құмар жан болғанын айтып, еске алады. Мектепте озат болған, спорта да біраз жетістікерге жеткен...

Қоштасуға жиналғандар марқұмның жүзін көре алмады. Ата-анасы осылай ұйғарса керек...

Айбек Қосан, Елдос Сапарғали, Әділ Өнербаев, РишатАсқарбекұлы. «Біздің Уақыт».