Үкімет жекешелендіру бағдарламасын қайта қарап, жаңа кестені мақұлдады

Үкімет жекешелендіру бағдарламасын қайта қарап, жаңа кестені мақұлдады
10 сәуір, 20:00

Үкімет жекешелендіру бағдарламасын қайта қарап, жаңа кестені мақұлдады. 2017 жылы 280 ұйым, 2018 жылы 84 ұйым сатуға шығарылмақ. Ұлттық экономика министрі 2020 жылға дейін 8 ірі нысанның халықтық IPO-ға ұсынылатынын мәлімдеді. Олардың арасында «Эйр Астана», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазмұнайгаз» сынды алпауыттар бар.

Айгүл Әдепбай,  тілші:

Әдетте әр сейсенбі сайын өтетін Үкімет отырысы бүгін бір күн бұрын өтті. Министрлер кабинеті жекешелендіруге жататын нысандарды тағы бір пысықтап, бағдарламаны қайта бекітті. Сөйтіп 6 мыңнан астам ұйымды мемлекеттік меншік ретінде сақтап қалу ұсынылды. Олардың дені, яғни 88 пайызы әлеуметтік нысандар. 243 мекемені таратқан дұрыс деді ұлттық экономика министрі.

Жекешелендірудің кешенді бағдарламасына 137 ұйым қосылғанын хабарлады ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. Барлығы жекешелендіруге 879 ұйым жатады. Оның ішінде 68 ірі компания бар.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Мемлекеттік комиссияның отырысынан соң 1 сәуірдегі жағдай бойынша кестелер қайта бектілді. Енді 2017 жылы 325,  2018 жылы 61 ұйым сатылымға шығарылады. ТОП-64-тің 22 активін оның ішінде республикалық меншіктегі 8 компания мен «Самұрық-Қазына» қорының 14 компаниясын өткізу бойынша шешімдер қабылданды.

2019-2020 жылдары еліміздің «Эйр Астана», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Самұрық-Энерго», «Қазақстан темір жолы», «Тау-Кен Самұрық» сияқты 8 ірі активін IPO/SPO-ға шығару жоспарлануда.

«Самұрық-Қазына» қорының басшысы жекешелендіру бағдарламасының кестеге сай жүріп жатқанын айтты. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, 8 компанияны шетелдіктер сатып алуға дайын. Сонымен қатар ол активтерге деген қызығушылықты арттырудың жаңа амалын ұсынды. 

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ» АҚ басқарма төрағасы:

Жекешелендуріге мемлекеттік жеке серіктестік механизмін енгізуді ұсынамыз. Әңгіме негізінен Ақтөбе, Атырау және Павлодар әуежайлары сияқты нысандарды жекешелендіру туралы болып отыр. Егер үкіметтің қаулысы болса, біз министрліктермен осы бағытта жылдам жұмыс істер едік.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Үкімет басшысы мемлекеттік жеке серіктестік бойынша кейбір аймақтарда басқарудың бұл түрі жақсы нәтиже беріп жатса, кей өңірлерде ақсап жатқанын айтты. Сондықтан Бақытжан Сағынтаев жақын арада мемлекеттік жеке серіктестікке қатысты үлкен жиын өткізетінін хабарлады.