Атырау командасы бас бапкерсіз қалды

Атырау командасы бас бапкерсіз қалды
12 сәуір, 20:00

Атырау футбол клубына жаңа бас бапкер қажет. Бұған дейін команданы тізгіндеген Зоран Вулич отбасылық жағдайға байланысты қызметінен босады. 7 ұпай еншілеген «Атырау» ел біріншілігінде соңғы орында келеді. Спорт әлеміндегі өзге де жаңалықтармен әріптесім Елдос Сапарғали таныстырсын.

Шайбалы хоккейден әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын ойыншылардың есімі анықталды. Байрақты бәсеке сәуірдің соңында Киевте өтеді. Қарсыластарымыз осал емес. Айдын иелері Украинадан бөлек Австрия, Польша, Венгрия және Оңтүстік Корея елінің өкілдері жоғарғы дивизион жолдамасын сарапқа салады. Қазір құрамаға 21 ойыншы шақырту алған. Басым бөлігі «Барыс» командасының өкілдері. Маңызды бәсеке алдында жерлестеріміз Словакия және Италия құрамаларымен жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Біздің құраманың капитаны болып тағайындалған Брэндон Боченски карьерасын аяқтау туралы жел сөздің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Брэндон Боченски, Қазақстан құрамасының шабуылшысы:

Екі апта демалыс алып едім, адамдар спорттық карьерасын аяқтады деп, хабар таратып жатыр. Бұл жаңалықты оқып, өзім таң қалдым. Қазір мен, өздеріңіз көріп отырғандай, осындамын. Жаттығу жұмыстары жалғасып жатыр. Алда бізді өте жауапты кездесулер күтіп тұр.


Чемпиондар лигасының 1/4 кезеңінің алғашқы матчын сырт алаңда Туринның «Ювентус» командасына қарсы өткізген «Барселона» жанкүйерлерін жерге қаратты. Бір ай бұрын Париждегі алғашқы бәсекеде оңбай ұтылған каталондық клуб бұл жолы да мардымды ойын көрсете алған жоқ. Бірінші таймда Паоло Дибала дубль авторы атанды. Ал екінші таймның 55-ші минутында Джорджио Кьеллини қортынды есепті орнатты. Ал дортмундтық клубтың автобусы маңында жарылыс болып, «Боруссия» мен «Монако» арасындағы матч шегерілді.

Елдос САПАРҒАЛИ