Оралда мультфильм түсіретін балабақша музыканты бар

Оралда мультфильм түсіретін балабақша музыканты бар
15 сәуір, 20:00

Оралда өзі ертегі жазып, өзі мультфильм жасайтын балабақша қызметкері бар. Музыкант Әсет Тастеміров. Бірақ ешбір туындысын еш жерде жарияламаған. Оның көрермендері «Гүлдер» балабақшасындағы балдырғандар. Анимациялық фильмдерді бүлдіршіндер де дыбыстайды. Еркін Кариннің репортажы.

Еркін Карин, тілші:

-Қазір біз балабақша бүлдіршіндерімен бірге "Аспаптар достығы" мультфильмін тамашалап отырмыз. Бұл мультфильмді түсіру жұмыстарына осы балалардың өздері көмектескен. Ертегідегі музыкалық аспаптар - домбыра, сырнай және қобыз балаларға жүктеліп, балалардың өздері осы кейіпкерлерді дыбыстаған.

Наргизаға бас кейіпкер - сыбызғының рөлі сеніп тапсырылыпты. Бес жасар бүлдіршін аспапты айнытпай салған. Шығармадағы шатаққұмар дауылпаз, ұзын мойын домбыра және қайырымды қобызды осы Наргизаның достары дыбыстап шығыпты.

Наргиза Исатайқызы, балабақша тәрбиеленушісі:

- Мен сыбызғының рөлін ойнадым. Маған ертегі қатты ұнады.

Балабақша қызметкері Әсет - сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Өзі өлең шығарады, суретшілігі мен әншілігі тағы бар. Ермек болсын деп жазған ертегілері біртіндеп мультфильмге айналып жатыр. Әсеттің достықты ту еткен туындыларының кейіпкерлері де бейкүнә бүлдіршіндер тәрізді, мейірімі төгіліп тұр. Ал әріптестері "Музыкалық аспаптар" ертегісінен кейін бөбектердің сирек кездесетін көне аспаптарды ажырата алғанын айтады.

Раушан Сәрсекова, Орал қалалық №30 «Гүлдер» балабақшасының қызметкері:

- Ертегіге өзімнің тобымның балалары қатысады. Балаларға өте қызықты. Осы ертегі арқылы балалардың тілі дамиды. Балалар өте қызығушылықпен қатысады. Мультфильмді көрген ата-аналарға өте ұнап жатыр. Әрі қарай жалғасы болсын деген ұсыныстар түсіп жатыр.

Балалары мультфильм дайындауға қатысады дегенді естіген ата-аналар басында абдырап қалса керек. Кейін олар да тақпақ жаттап, бұл іске ат салысқан. Осылайша 7 минуттық алғашқы туынды өмірге келді.

Гүлзада Жүсіпова, Орал қаласының тұрғыны:

- Әрине басында сенбедік. Енді осындай ертегілер көп болсын дейміз. Осы ертегілер арқылы балалардың сөйлеу қабілеті, тіл байлығын одан әрі жетілдіреді. Мына ертегілерден кейін баламыздың аспапқа деген көзқарасы өзгерді. Үйде де домбыраға әуелден икемі бар еді. Енді одан бетер қызығушылығы артты десек те болады.

Бірақ мультфильм түсіру оңай емес. Өйткені кейіпкердің бір қимылын нанымды етіп бейнелеу үшін кемінде 4-5 сурет салу керек. Қазақтың алғашқы мультфильмі "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" туындысында он мыңға тарта сурет салынған екен. Мұнда да сол тәсіл. Әр кадрды тәптіштеп, қозғалысқа бейімдеген жігіттің жанкештілігі қандай құрметке де лайық. Бұл істе оған досы көмектеседі. Құралдары қарабайыр, әдісі қарапайым болса да, екеуі мақсатынан қайтар емес.

Әсет Тастеміров, Орал қалалық №30 «Гүлдер» балабақшасының қызметкері:

Маған сурет салу оңай емес. Жалғыз кісі ештеңе бітіре алмайды. Көпшілікпен істелетін нәрсе ғой. Мен компьютермен күніне тек екі қимыл сала алам. Бар болғаны сол. Жұмысым бар дегендей. Күніне 4-5 сағат отырам компьютердің алдында. Сол 4-5 сағаттың ішінде бәрін бояп, тек екі сурет қана дайындай алам.

Жандос Баймағамбетов, Орал қалалық №30 «Гүлдер» балабақшасының қызметкері:

- Оңай сияқты көрінеді ғой. Бірақ жұмысы қиын енді. Көзің талады деген сияқты. Әсет Болатұлы маған суреттерін береді. Мен оның әрбір қимылдап, жыбырлағанына сөзін саламын. Сөйлеген дыбыстарын саламын. Ананың дыбысы, баланың дыбыстары. Әр жерін дұрыстап келтіремін. Тексереміз, үлкейтеміз, кішірейтеміз. Отырамыз. Мысалы, 2 минуттық мультфильмді  жасау үшін бір сағаттай уақыт керек. 

Бағдагүл Мурзакаева, Әсеттің әйелі:

- Жұмыстан кешкі 5-6 келеді. Келеді де, тамағын ішіп түнімен сағат екі-бірге дейін компьютерге отырады. Түнімен еңбектенеді. Басында енді ренжідім, неғыласың оны, керек емес, шығармай-ақ қой деп. Соны мультик шығарып ұйықтап қалады. Тұрғызып алам орныңа жат деп. 

Екі достың мультфильммен әуестенгеніне үш жылдан асыпты. Тынымсыз еңбектің арқасында аспаптар жайлы мультфильмнің ұзақтығы 50 минуттық 4 бөлімі дайын тұр. Әлі 3 сериясы бар. Бұдан бөлек Әсет тағы үш ертегінің сценарийін жазып қойған. Бірақ оның бәрін анимациялық фильмге айналдыруға жұмысбасты жандардың уақыты тапшы һәм техниканың нашарлығы да қолды байлап тұр.

Әсет Тастеміров, Орал қалалық №30 «Гүлдер» балабақшасының музыканты:

Түнде ұйықтап бара жатасың. Сол кезде ой келіп қалады. Шабыт келіп қалады. Шауып барам да, қаламды алам да, сол жерде сөздерін жазып жатамын. Жолдасым айтады: неге ұйықтамайсың? Әрі-бері шауып жүргенің не? Оларға енді қызық көрінеді ғой. Жүгіріп барам да жаза салам. Әйтпесе ар жағымдғы ой кетіп қалады.

Америка, Жапония, Қытай секілді елдердің анимациялық фильмдері мемлекеттік саясатпен астасып жатыр. Тіпті Ресейдің өзі де балалар фильмдерін идеологиялық құрал қылып, қыруар қаржы бөледі. Мәселен, «Маша мен Аю» бөбектерді экранға байлап қойған. Сондықтан ел боламын десек, бесік қана емес, мультфильмді де түзеу керек.

Нұрлан Сәдір, жазушы:

- Көрші орыстардан үлгі алатын нәрсе – олар өздерінің көптеген ертегілерін, аңыздарын мультфильмге айналдырып жіберді. Былайша айтқанда жұртқа, балаларға тұтынуға ыңғайлы формаға айналдырды. Алпамыс батыр, Керқұла атты Кендебай, Ер Тарғын болсын, кез-келген біздің эпос жай мультфильм емес, сериал болуға лайықты. Кім осыны бірінші қолға алады – сол шіріп байиды.

Әзірге Әсеттің көрермендері - балабақша бөбектері ғана. Бүлдіршіндерді баураған бұл мөп-мөлдір әлемге әлі ешкім көз салар емес. Ал туындыларын үлкен экрандардан көрсетуді мақсат қылған Әсет армандар орындаларынан үмітті.

 Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің уақыт».