Референдумнан кейін Түркия көшелерінде наразылық шерулері басталып кетті

Референдумнан кейін Түркия көшелерінде наразылық шерулері басталып кетті
18 сәуір, 20:00

Түркиядағы референдумнан кейін конституцияның өзгеруіне қарсы болған мыңдаған тұрғын наразылық акциясына шықты. Осыған орай ел билігі төтенше жағдайды тағы 3 ай мерзімге ұзартуды ұйғарып отыр. Халықаралық бақылаушылар болса, дауыс беру еуропалық стандартқа сай өткен жоқ, деп жариялады. Ал конституциялық реформаға қатысты халық пікірі қақ айырылды. 

Мыңдаған тұрғын Стамбул көшелеріне референдум қорытындысын ести сала шыққан. Қарсы шыққан топ дауыс берудің әділ өтпегендігін алға тартып отыр. Шерулер Түркияның өзге қалаларында да жалғасты. Анталияда бас көтерген 13 адам тұтқындалған.

Менің ойымша, сайлау кезінде көптеген заң бұзушылықтар болды. Біз «ия» деген жауапқа мүлде келіспейміз. Себебі бұрынғы саяси жүйе қалуы керек.

Мен парламенттің тарағанын қаламаймын. Себебі біз, яғни халық таңдаған парламент бір адамның басқаруына 100% қарсы болса деймін.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Түріктер 57 елде дауыс берген. Шет мемлекетте тұратындардың 60 пайызға жуығы реформаны қолдаған. Қарсы шыққандардың көбі АҚШ пен Еуропада тұратындар. Ал Қазақстандағы түріктердің 41 пайызы реформаны қолдап дауыс берсе, 59 пайызы қарсы болған.

Реджеп Тайып Ердоған болса әлемнің түкпір-түкпірінен құттықтаулар алып жатыр. Алайда, бұл қуаныштың шырқын ЕҚЫҰ-ның бақылаушылары кетіргенге ұқсайды. Себебі олар сайлау еуропалық стандартқа сай еместігін мәлімдеді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Өз орындарыңыды біліңдер. Біз саяси астарланған баяндамаларыңа құлақ аспаймыз. Бұл референдум тарихтағы ең әділ өткені. Тіпті батыс елдерінің өзінде мұндай әділ сайлау болмаған. 

Сонымен, Түркия енді парламенттік емес, президенттік мемлекет болып саналады. Әйгілі Ататүріктің батыс елдеріне қарап енгізген моделі артта қалды. Енді президент өзінің орынбасарын, министрлерді сайлап, бюджетті таныстырып, тіпті парламентті тарата алады. Бұл оның қолына түскен биліктің жартысы ғана. Президент өлім жазасы туралы ойын ашық жеткізді. Соңғы рет бұл жаза 1984 жылы қолданылған. Ал 2004-ші жылы дәл осы Ердоғанның өзі Еуроодаққа мүше болу үшін бұл заңды алып тастаған еді. Енді аталған одаққа мүшелік туралы мәселе тіптен тоқырайтын сыңайлы.

Али Фаик Демир, Галатасарай университетінің профессоры:

Еуропа елдері Сириядан кіріп жатқан босқындардың тағдырына алаңдаулы. Егер Түркия нақты шешім қабылдаса, Еуропа босқындарға тап болады. Олардың қаламай отырғаны да осы.

Қазір Түркия географиялық принцип бойынша екіге бөлінген. Үлкен қалаларда тұратын халықтың көбі «қарсы» болса, шаруалар мен ауыл тұрғындары «ия» деп жауап қатқан. Бір нәрсе анық - ол Түркияның ішкі және сыртқы дұшпандармен аянбай күресетіні. Әсіресе, былтырғы жүзеге аспаған мемлекеттік төңкерістен кейін Ердоғанға енді қарсы тұратын ешкім жоқ.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ