Қазақстандықтар тасқыннан зардап шеккендерге көмек қолын созуда

Қазақстандықтар тасқыннан зардап шеккендерге көмек қолын созуда
20 сәуір, 20:00

Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға ел тұрғындары көмек қолын созып жатыр. Бүгін Астанадан азық-түлік тиелген екі жүк көлігі Қостанай мен Қарағанды облысын бетке алды. Ақтөбеліктерге де шаһардың өз тұрғындарынан бөлек, еліміздің түкпір-түкпірінен көмек келіп жатыр. Бірақ кейбір аймақтарда қауіптің беті қайтқан жоқ. Жақсыбек Кемал аймақтардағы ахуалды білді.

Солтүстікте қауіптің беті қайтқан жоқ. Сергеевка су қоймасы 64 пайызға толған. Бұл жығылғанға жұдырық болуы мүмкін. Бірақ облыс әкімі, су тасқынына төтеп береміз, деп мәлімдеді. Ал бұған дейін әлеуметтік желіде «Петропавлдағы сорғы станциясын су басып, тіршілік көзі кәріз суымен араласып кетті» деген сыбыс тараған болатын. Облыс әкімі қауесетті жоққа шығарды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Біз Петропавлға 3-4 күннен кейін келетін үлкен суды қабылдауға дайынбыз. Сорғы станциясын су басқанның өзінде, ауыз судың ластанбауын қатаң бақылаймыз. Пәледен аулақ деп, үлкен су қорын дайындап жатырмыз. Апат болғанның өзінде, қаланы бірнеше күн ауыз сумен қамтамасыз етуге қауқарымыз бар. Ал жалған ақпаратты таратып, жұрт арасында үрей тудырған азаматтар жазаланады.

Ал ақтөбеліктер әлі естерін жия алмай жатыр. 2 мыңдай адам эвакуацияланды. Қазір 9 уақытша паналау бекетінде 800-ге  жуық тұрғын бар. Ал облыс басшылығы мекеме жетекшілеріне үй-жайлары суға кеткен жұмысшыларына көмек көрсетуді тапсырды. Арнайы құрылған қор есепшотына соңғы екі тәулікте 3 жарым миллон теңгеге жуық қаржы жиналған. Зардап шеккендерге елдің әр аймағындағы ағайын көмек қолын созып жатыр. Студенттер белсенді. Олар жиналған заттарды сұрыптап, тиісті орындарға жеткізеді.

Нарқозы Қаржан, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті:

Еріктілердің жалпы саны 500-ге жетті. Қыздар, ұлдар бар. Күнде сағат екіде осында жиналамыз, қыздар мектептерге барады, ұлдар апат орнына барып, тікелей көмектеседі.

Суға кеткендерге жаны ашыған алматылықтар бүгін Ақтөбе мен Атбасарға гуманитарлық жүк жібермек. Жұрт жаңа киімдер, бұзылып кетпейтін тағамдар мен көкөністерді әкеліп жатыр. Сондықтан бұл соңғы рейс емес. Шымкент жастары да бұл іске сыбана кіріскен. Жылы киімдер мен ең қажетті деген заттарды қабылдап жатыр. Қаржылай көмектесем деушілерге арнайы жәшік қойылған. 1 апта ішінде жиналған дүниелер көмекке зәру өңірлерге жіберілмек. 

Береке Дүйсебеков, ОҚО жастар ресурстық  орталығының директоры:

Кез келген қандай қиын жағдай түспесін, біз әрдайым бір бірімізге қол ұшын созуға, осындай кезде өзіміздің бірлдігімізді, ынтымағымызды көрсететін сәт деп ойлаймын. Және де бүгінгі таңда бірнеше белсенді жастар, жеке кәсіпкер ағаларымыз, одан да бөлек қазір мемлекеттік мекемелермен басқа да ұжымдармен 1 күндік жалақыны аудару бойынша да жұмыстар атқарып жатырмыз.

Ал бүгін Астанадан азық-түлік тиелген екі жүк көлігі Қостанай, Қарағанды облыстарына жөнелтілді. Су басқан ауылдарға көмек көрсету туралы бастама әлеуметтік желі арқылы таралып, оған қарапайым азаматтар, кәсіпкерлер, тіпті зейнеткерлер де үн қосты. 300-ден астам адам 3 тоннадай тауар жинады.

Ерлан Сайыров, ерікті:

Бір көлік Атбасарға, екінші көлік Бұқар жырау ауданындағы Садовое ауылына жөнелтіледі. Үш сағатта жетеді. Ол жерлерде белсенді топ күтіп отыр. Олар қабылдап, ертең сұрап отырған азаматтарға таратылады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Әр өңірде қоғамдық комиссия құрылған. Қазір тексеріс жұмыстары басталып кетті. Әкімдік өкілдері  барлық көмек заң аясында жүргізілетінін айтады. Алдымен үйдің заңды құжаты бар-жоғы анықталады. Ал, ол құжат жоқ болса, əлеуметтік жағдайы төмен көп балалы отбасылар мен мүгедектерге  басымдық беріледі.

Жақсыбек КЕМАЛ