Оралда 35 адамды алдаған күдікті ұсталды

Оралда 35 адамды алдаған күдікті ұсталды
20 сәуір, 20:00

Оралда отыздан астам адамды оңдырмай алдаған күдікті ұсталды. Ол аңғал азаматтарды шетелдік компаниялардың біріне жұмысқа орналастырамын деп сендіріп, ақша алған. Бір қызығы, алданғандардың барлығы дерлік оның уәдесіне имандай сеніп, сұраған ақшасын қолына ұстатыпты. Ал полицейлер, күдіктінің арбауына іліккендер болса, хабарласуын сұрап отыр. Өйткені алданғандардың бұдан да көп болуы мүмкін.

Еркін Карин, тілші:

Полицейлер күдіктінің жұмыс іздеп қиналған адамдардың сенгіштігін жақсы пайдаланғанын айтады. Ол азаматтарды Қарашығанақ кенішіндегі шетелдік компанияға жұмысқа орналастырамын деп уәде берген. Кейін осы көмегі үшін 120 мыңнан 600 мың теңге аралығында ақша сұрайды. Қазір дәл осылай 35 адамның алданғаны белгілі болды. Жұмыс іздеймін деп жүріп жиған-тергенінен айрылған мұңлықтар енді арызын ұстап, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр.

Ахмет Сәкебаев, жәбірленуші:

Оның балдызы бар, сосын апасы компанияда істейді деді бастық болып. Сол апасы арқылы жұмысқа алып жатыр. Манипуляторға 240 мың, 120 мың теңгеге Тойота пикапқа отырғызады деді. Балалар біз бердік деп айтып жатты. Сонымен алданып қалдым.

Уәделі мерзімі өткеннен кейін алданғанын бір-ақ түсінген тұрғындар полицияға шағымданыпты. Кейін күдікті Арман Талблимовтың бұған дейін де дәл осылай айла жасап, істі болғаны белгілі болды. Алғашында 9 адамды алдаса, бұл жолы 35 адам опық жеді. Тіпті түрмеде өткізген екі жылында да күдікті қарап отырмаған. Қамауда отырып, ұялы телефонмен талайды алдап келген.

Руслан Есетов, Орал ҚІІБ тергеушісі:

2014 жылы осы алаяқтық фактісі бойынша сотталып, 2016 жылдың наурыз айында Ақтөбе қаласынан босап шығып, қайтадан қылмыс жасап отыр. Сол қылмысын 2017 жылдың наурыз айларынан бастап жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта күдікті Талблимов Арман екі ай мерзімге күзетпен ұсталып, бұлтартпау шарасы қолданылған. 

Полиция алданған азаматтардың бұдан да көп болуы мүмкін екендігін айтады. Сондықтан олар, алданғандар болса, 102 нөміріне хабарласуды немесе Орал қалалық ішкі істер басқармасына келіп арыз беруі сұрайды.

Еркін Карин, тілші:

Енді күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оның дүние-мүлкі тәркіленіп, 2 жылға сотталады. Ал нақты қанша адамның алданғаны, әрі келген шығынның көлемі әлі анықталып жатыр.

Еркін КАРИН