Әзірбайжан халықаралық банкін мемлекет құтқарады: алаңдауға негіз жоқ

Әзірбайжан халықаралық банкін мемлекет құтқарады: алаңдауға негіз жоқ
16 мамыр, 20:00

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына қауіп төніп тұрған жоқ. Әзірбайжан халықаралық банкіне қатысты дауға бүгін осы елдің өкілдері осылай деп де үн қатты. «Спутник Әзірбайжан» басылымына сұқбат берген адвокаттар алқасының мүшесі Акрам Гасановтың мәліметінше, Әзірбайжан үкіметі аталған банктің инвесторларына қарыздарды өтеп беруге шешім қабылдаған. Бірақ сарапшы оның нақты процедуралары туралы ашып айтпаған.

Акрам Гасанов, Әзірбайжан адвокаттар алқасының мүшесі:

«Банк қайта құрылымдау процесін бастан кешіретін болады. Бұған үкімет өз тарапынан көмектесіп, «Әзірбайжан халықаралық банкін» сақтап қалуға күш салып жатыр. Қазақстанға қаржы қайтпай қала ма деген қорқыныш негізсіз. Әңгіме аталған банктің 3 млрд 300 млн АҚШ доллары көлеміндегі борышы туралы болып отыр. Оның ішінде 2 млрд доллардан астам қарызды инвесторларға тиісті келісімшартпен қайтару жауапкершілігін Әзірбайжан мемлекеті өз мойнына алатын болады».

Еске салайық, экономист Рақым Ошақбаев құрдымға кеткелі тұрған Әзірбайжан халықаралық банктің инвестициялар портфеліне Қазақстан зейнетақы қорының 71 млрд теңгеден астам қаражаты құйылғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазған еді.  Ал Ұлттық Банк екі күннен бері бұл мәселеге қатысты жақ ашпай отыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ



Смотрите также