Қызылорда жылу электр орталығы қарыздары үшін газдан ажыратылды

Қызылорда жылу электр орталығы қарыздары үшін газдан ажыратылды
16 мамыр, 20:00

Қызылорда жылу электр орталығы көгілдір отыннан ажыратылды. Өйткені өңірді газбен қамтамасыз етіп отырған "ҚазТрансГазАймақ" компаниясы алдында қарыз. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жылу электр орталығы Қызылорданы толығымен электр қуатымен қамтамасыз етіп келген.

Қыста 45 мегаватт, жазғы маусымда 30 мегаватт электр қуатын береді. Ал аймақтың тұтыну қажеттілігі 54 мегаватт. Қазір энергиямен жабдықтау компаниялары ток көзін сырттан алуға мәжбүр. Ал бұл орынсыз және артық шығын, дейді мамандар. Қазтрансгазаймақ ақырғы шараға барып отыр. Жылу орталығы шарасыз. Жұрт тұтынған электр қуаты үшін орталыққа 400 миллион теңге қарыз көрінеді.

Қыдыркүл Құдабекова, Қызылорда облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі күні Қызылорда жылу электр орталығы "ҚазТрансГазАймақ" компаниясына 480 миллион теңге қарыз. Өткен жылмен салыстырғанда үш есеге азайып отыр. Оған қарамастан, Жылу электр орталығына газ беру тоқтатылды. Ол өндірістік қызметке кері әсерін тигізіп отыр. Өйткені, электр қуаты өндірілмей қалды. Электр қуатын сырттан сатып алуға мәжбүрміз.

Ал "ҚазТрансГазАймақ" компаниясының мәліметі басқа. Жылу электр орталығының қарызы - 526 миллион тенге болса, облыс бойынша тұтынушы-тұрғындар 765 миллион тенгенің газы үшін қарыз. Заңды тұлғалар берешегі 346 миллион теңгеге жеткен.

Шарипа САҚТАПОВА