Астанаға арзан газ жеткізу үшін, көгілдір отынның бағасы Қазақстан бойынша орташа бір деңгейге келтірілмек

Астанаға арзан газ жеткізу үшін, көгілдір отынның бағасы Қазақстан бойынша орташа бір деңгейге келтірілмек
17 мамыр, 20:00

Астанаға тартылатын газдың текше метрі тұтынушы үшін бір мың теңгеге түсуі мүмкін. Сондықтан Елордаға арзан газ жеткізу үшін, көгілдір отынның бағасы Қазақстан бойынша орташа бір деңгейге келтірілмек. Бұл туралы қоғамдық кеңес алдында 4 айдың қорытындысы бойынша есеп берген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Астанаға газ құбыры Қызылордадан Жезқазған, Қарағанды арқылы тартылатыны белгілі. Бірақ ол газ құбырының көгілдір отыны астаналықтар үшін қымбатқа түсіп тұрғанын айттық. Сондықтан министрлік баламалы жолдарды іздеп жатыр. Сұйытылған табиғи газды қолдану әдісі де қаралып жатқан көрінеді. Бірінші жартыжылдықтың соңында бір шешімге келеміз, деді министр.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

236 млрд - жоба құны арзан емес. Жоғары деуге болады. Елдің солтүстігіне 3 млрд текше метр газ жеткізуге мүмкіндік болады. Газдың бағасы тым қымбат, 100 мың теңгеге жетеді баға. Қазір ең қымбат газ Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысында, оларда қосымша құн салығымен есептегенде көгілдір отын 34 мың теңге. Сондықтан "Қазтрансгазбен" бірлесіп, Қазақстан бойынша газ бағасын орташа бір мөлшерге келтіру керек. Сонда газды Астанаға 30 мың теңгеден жеткізуге болады.

Қанат Бозымбаев үш ірі мұнай кен орындарындағы биылғы өндірістің көлеміне де тоқталды. Қашағанда биыл 5 млн тонна мұнай мен 3,1 млрд текше метр газ алу жоспарланған. Өткен 4 айда 2,2 млн тонна қара алтын өндірілген. Қарашығанақта 2017 жылы 11,8 млн тонна мұнай мен 18 млрд текше метр газ алу жоспары бар. 4 айда 4,3 млн тонна сұйық көмірсутек алынды. Бұл өткен жылдан 12 пайызға артық. Теңізде 27,5 млн тонна мұнай және 4,5 млрд текше метр газ өндіру көзделіп отыр. Өткен 4 айда Теңізде 9,7 млн тонна мұнай алынған.

Айгүл ӘДЕПБАЙ

  



Смотрите также