Жеңілдетілген несиемен көлік алуға қаражат жетпей жатыр

Жеңілдетілген несиемен көлік алуға қаражат жетпей жатыр
18 мамыр, 20:00

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы тоқтатылған жоқ. Жобаның бас операторы Қазақстан Даму банкінің өкілдері осылай деп отыр. Алайда, екінші деңгейлі банктер жұртқа 4 пайызды несиені беруден бас тартып жатыр. Ал бұл бағдарламамен көлік алғысы келетіндер аз емес. Мемлекет бөлген 26 миллиард теңге қайда кетті? Банктер неге көлік несиесін бермей жатыр? Ришат Асқарбекұлы мән-жайды анықтады.

Отандық автоөндірістің бойына қан жүгірткен жеңілдетілген несие қазір көпке арман болып қалды. Біріншіден, девальвациядан кейін өндірушілер көлік құнын кем дегенде 50 пайызға қымбататты. Екіншіден, бағдарлама аясында игерілуге тиіс қаражат үлестіріліп біткен. Алматылық Дана Кенжекова осы бағдарлама бойынша көлікке қол жеткізе алмай жүр. Банктер оның өтінішін кері қайтарыпты.

Дана Кенжекова, Алматы қаласының тұрғыны:

Кредитке машина сатып алайын десем, ондай жеңілдетілген кредит жоқ екен. Сондықтан әрқашан автосалонға барғанда, баға өсіп жатады. Егер әлеуметтік жеңіл несие болса, тиімді болар еді. Қазір үкімет оның не бар, не жоғын айтпай отыр.

Екі жыл бұрын Үкімет бағдарламаның 2020 жылға дейін жалғасатынын айтқан болатын. Бірақ жобаға бөлінген қаражат көлемі шектеулі. Қазақстан Даму Банкі 26 млрд теңгені екінші деңгейлі банктерге үлестіріп берген. Ал банк өкілдері 9 мыңға жуық көлікті сатып, ақшаны игеріп тастағандарын айтады.

Қанат Абаев, автосалон менеджері:

Төрт пайыздық жеңілдетілген несие әлі тоқтатылған жоқ. Ол бар. Кез келген адам заявка тастап, кезекке тұрып, күтсе болады. Осы 4 пайыз бойынша мемлекет 2 траншпен ақша берген болатын. Ол қаражат қазір бітті.

Қазақстан Даму Банкі бастапқы талаптарға өзгерістер енгізген. Биылдан бастап  жеңілдетілген несиемен 15 миллион теңге тұратын көлікті де алуға болады. Көлік модельдерінің тізімі 55-тен 63-ке дейін өскен. Ал банктер тұтынушылардың қайтарған несиелерінен түскен қаражатқа өзгелерге де көлік алуға мүмкіндіктер жасайды.

Жұлдыз Байтанаева, "Қазақстан Даму банкі" АҚ басқарма басшысы:

Біз жақында револьверлік жүйемен қайтқан қаражаттың есебін алдық. Кезінде көлікті 2-3 млн теңгеге сатып алған клиенттер несиелерін төлеп үлгерген. Соңғы екі жылда алынған кредиттің 500 млн теңгесі екінші деңгейлі банктерге қайтарылған. Бұл салыстырмалы түрде көп сомма емес. Сондықтан қайтадан несиелендіруге ол қаржы жетпей жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Жеңілдетілген автонесие бойынша сатылған көліктердің үлесі өткен жылы елдегі жалпы көлік саудасының 39 пайызын құраған. Екі жыл бұрын ол небәрі 10-11 пайыздан аспайтын. Сондықтан диллерлер аталған бағдарламаны жоғары бағалап отыр. Сол сияқты қолайлы шарттармен көлікті несиеге алып міну тұтынушылардың да оң жамбасына келіп тұр.