Ақтөбеде қайтыс болған жігіттің бүйрегін алған дәрігерлерді марқұмның туыстары сотқа берді

Ақтөбеде қайтыс болған жігіттің бүйрегін алған дәрігерлерді марқұмның туыстары сотқа берді
19 маусым, 20:00

Ақтөбеде ақ халаттылар қайтыс болған жігіттің бүйрегін алып өзге науқастарға салған. Марқұмның туыстары оларға ешқандай рұқсат бермегенін айтады. Ал дәрігерлер болса, өздерінің ісі заң талаптарына сай екенін алға тартып отыр. Оқиғаның мән-жәйін Жақсыбек Кемал анықтауға тырысты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

22 жастағы Серікболсын Көшербай маусымның басында бақилық болған. Бас ми жарақатын алған жігіт Ақтөбедегі ауруханаға санавиациямен ауданнан жеткізілген екен. Біраз уақыт ес түссіз жатып, кейін көз жұмады. Туыстары оның мүрдесін мәйітханадан алған кезде бүйрегі жоқ екенін бір ақ білген. Айтуларынша, бұлардан ешкім рұқсат сұрамапты, ешқандай құжатқа қол қоймаған.

Гүлайым Есенбаева, марқұмның нағашы апасы:

Адам болмайды депті. Бірақ оны шешесіне айтпаған, адам болмайды деп. Осы жаққа алып келді. Әкелгенде, өлгеннен кейін алып отырғандары ғой сұраусыз. Ол кезде тумаларының бәрі бар ғой қасында. Ең болмағанда біреуінен сұрауы керек еді.

Марқұмның туыстары прокуратура мен ішкі істер департаментіне шағымданған. Кінәлілер жазасын алуы керек дейді. Айтуларынша, Серікболсынның екі бүйрегі екі адамға салынған. Заңгерлер мұны заңға қайшы деп отыр

Қатарбай Райсов, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі:

Заң талаптары бойынша қазіргі қолданыстағы, мәйіттің органдарын алу үшін оның туыстарының, заңды өкілдерінің рұқсаты қажет. Прокуратураға арыз түсті, негізгі заң талаптары бойынша, арыз түскеннен кейін сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіледі. Арыз түскен уақыттан бастап. Бірақ, біз әлі облыстық прокуратурадан да, облыстық ішкі істер органдарынан да ондай мәлімет, берген арыздарымызға жауап алған жоқпыз.

Алайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уәжі басқа. Дәрігерлердің әрекеті заңды деп сенімді түрде айтып отыр

Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Тірі кезінде мен донор болмаймын деп қағаз қалдырмаса, біз заңды түрде кез келген адамнан, егер мүшесі сау болса, оны алып, сұраусыз мұқтаж адамдарға ауыстыру операциясын жасай аламыз. Дәл осындай жағдай бізде орын алды. Өте шұғыл, өте тез жасалған іс шаралар. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Серікболсынның туыстары бұл пікірмен келіспейді. Комада жатқан адамнан қолхат талап ету ақылға сыймайды деп отыр. Оның үстіне жергілікті газеттердің біріне облыстың бас хирургы сұхбат беріп, марқұмның туыстарының бірі оның екі бүйрегін алуға рұқсат берді деп айтқан. Енді жалған ақпар таратқан тұлғаның да жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Бұл іс бойынша алғашқы сот тыңдалымы ертең өтеді.

Жақсыбек КЕМАЛ