Астана күніне орай ЭКСПО көрмесінде жеңілдік. Баламалы энергия көздерін пайдаланып бастағандар.

Астана күніне орай ЭКСПО көрмесінде жеңілдік. Баламалы энергия көздерін пайдаланып бастағандар.
01 шілде, 20:00

Астана күніне орай ЭКСПО көрмесінде бүгін мен 10-шілде аралағында акция жарияланды және жаңа билет түрі енгізілді. Үш билет сатып алған адамдарға 4- ші билет тегін беріледі. Демалыс күндері балалар мен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер тегін кіре алады. 12 жасқа дейінгі баланың жанында ересек кісі болуы керек және туу туралы куәлігін ұмытпау қажет. Сонымен бірге кешкі алты жарымнан бастап кіретін «кешкі» деп аталатын билет түрі пайда болды. Жұмыс күндері 2 мың, демалыс күндері 3 мың теңге тұрады. Жеңілдік қарастырылған азаматтар сәйкесінше - 1 мың, 1,5 мың теңгеге ала алады. Ал ЭКСПО аясында мемлекеттердің Ұлттық күндері кезегімен өтіп жатыр.

Түрікменстанның «Дагдан» фольклорлық тобының мың бұралған бишілері көпшілікті тәнті етті. «Дагдан» түрікмен тілінен аударғанда«Қасиетті ағаш» деген ұғымды білдіреді. Шығармашылық ұжым түрікмен елінің бетке ұстар өнер ұжымдарының бірі екен.

Енді мынадай жаңалық. Бізде өтіп жатқан көрме тақырыбымен үндеседі. Тенгриньюс порталының хабарлауынша, Қытайдың Цинхай провинциясы бір апта бойы – маусымның 17-і мен 23-і аралығында күн, жел, су энергиясына өмір сүрген. Бұл – баламалы энергия көздерін мемлекет деңгейінде энергия желілерімен интеграциялау, өте күрделі іс. Әйтсе де ауаны ластау бойынша алдыңғы орындағы Қытай баламалы энергия көздерін дамытуды мықтап қолға алғаны мәлім. Яғни баламалы энергия көздерінің мағынасын жақсы түсінеді. Сондықтан 6 миллиондай адам тұратын Цинхай провинциясын 1 аптада күн, жел, су энергияларымен қамту жобасын сәтті жүзеге асыру арқылы бірінші кезекте өздері үшін бұл істің – баламалы энергия көздерін пайдаланудың мүмкін екенін дәлелдеді. Қытайдың электр желілеріне  жауап беретін мемлекеттік корпорациясы экспериментке бірнеше ай дайындалған. Нәтижесінде Цинхай провинциясына қажетті энергияның 72 пайыздан астамын гидроэлектрстанцияларынан, қалғанын күн және жел станцияларынан алған. Бір аптада 1,1 млрд киловатт-сағат электр энергиясы жұмсалған. Ал бұл 535 мың тонна көмір жаққанмен бірдей. Қытай энергетиктері сынақтың сәтті өткеніне мақтанады, мақтануға тұрарлық – өзгерістерге орай жасалған алғашқы қадам ғой. Олардың шаттанатынын біз жиі сілтеме жасайтын белгілі банкир, креативті ойларымен ерекше Г.Греф 2 жылдай бұрын айтқан. 

Герман Греф, «Сбербанк» АҚ президенті:

Егер Қытайды алсақ, 2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың басында, ал олардың оны іске асыратыны анық, күн, жел және биоэнергетикадан 230 гегаВатт, гидроэнергетикадан 330 гегаВатт, жиынтығы 560 гегаВатт қуат алады. Бұл Ресейде орнатылған қалпына келетін энергия көздерінен 2,5 есе көп. Ал ең маңыздысы, балама энергия көздерін қарқынды дамытып отырған Қытай дәстүрлі энергия көздерін 45 пайызға азайтады деген болжам бар. Бұл - біз оларға үлкен көлемде жеткізетін көмірсутегі ресурстары. Яғни дәстүрлі энергия көздерінің дәуірі аяқталуға жақын. Тас дәуірі тастар таусылғасын аяқталған жоқ. Сол сияқты мұнай дәуірі аяқталды деуге болады...

Мұнай бағасының аспандамайтыны ғана емес, мұнай дәуірінің аяқталатынын қазақстандық шенеуніктер білмейді емес, біледі. Оның үстіне біздегі кеніштердің көбі көне.

Орал Ақшолақов, Қазақстанның құрметті геолог-мұнайшысы:

Ембімұнайда 35 кешен бар. Мұнай өндіретін. Солардың бір-екеуі болмаса, соңғы жылдары қосылған, басқаларының экономикасы нашар. Олардың бәрі дотационный. Оларды бірден жауып тастауға жергілікті халық, сол жердің инфраструктурасы, солардың жағдайлары әлеуметтік – жауып тастаса, қиын болады да, мыналардың бәрі жұмыссыз қалады. Олардың негізгі еңбектері тек мұнай өндірісіне байланысты ғана заттар... Егер мұнай барлау жұмысы жасалмаса, ескі кен орындарынын мұнай алу, көбейту мүмкін емес. Ол керісінше, жылдан-жылға төмендей береді. 

Көне кеніштердегі рентабельдік мұнай баррелі 40-50 доллардан жоғары болғанда ғана. Ал «рентабельді емес» деп қалай жауып тастайсың? Мыңдаған адам нан-суын айырып отыр. Бұл шикізатқа байланудың қандай қорқынышты екеніне қорқынышты мысал...Тағы бірер деталь: былтыр Шотландия бірнеше күн жел энергиясын пайдаланған. Жел диірмендерінен өндірілген 40 мыңдай мегаватт елдің бір күндік қажеттілігін 106 пайызға қамтамасыз еткен. Айту керек  - бұл эксперимент жел күшті соғып тұрған күндері мүмкін болған. Және өндіріс ошақтары тұтынатын тоқты азайтқан. Сонымен бірге Германияның оңтүстігіндегі Вильдпольдсрид деревнясы тек баламалы энергия көздерімен өмір сүреді. Қазір олар өздері тұтынатын энергиядан 500 пайыз артық энергия өндіреді. Сөйтіп артығын сатып, жылына 5,7 млн доллар пайда тауып отыр. «Мәссаған» деп, түрлі ойларға жетелейтін детальдар. Күрсінудің өзі күлкілі, ирониялық жымиыс туғызады...