Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралады

Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралады
04 шілде, 20:00

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірлерді аралауға шықты. Халық қалаулылары "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыру барысымен танысып, жергілікті кәсіпорындардың еңбеккерлерімен кездесті. Сондай-ақ, шілденің 1-нен енгізілген міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің басты талаптарын  пысықтап, халыққа түсіндірді.

Депутаттар алдымен Астанада салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысымен танысты. 292 пәтерлі кешен "Нұрлы Жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында, екінші деңгейлі банктен алынған несиеге бой көтеріп жатыр. Құрылыс аяқталған соң, пәтердің елу пайызын «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкіне өткізеді. Ол әкімдік арқылы кезекте тұрғандарға берілуі керек. Баспана құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Депутаттардың айтуынша, шаршы метрі 230-256 мың теңге аралығында болмақ.

Ирина Унжакова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Бұл жерде нақты түсіну керек. Кімде "Тұрғын үй құрылыс жинақ" банкінде есеп-шоты бар, тек сол адамдар ғана бағдарламаға қатысады. Іріктеу де соның негізінде өтеді.

Ал Қостанай өңірінде депутаттар Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының тынысымен танысты. Биыл 10 миллион тоннадан астам темір кені жентегі мен шекемтас экспорттау көзделіп отыр. Бұл кәсіпорында 17 мыңдай адам жұмыспен қамтылған.

Ерсұлтан Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Бұл жерде барлық жұмысшыларға демалуға, саноторийға, курорттарға баруға барлық жағдайлар жасалған. Оның үстіне комбинатта істейтін қызметкерлердің 5 мыңға жуық балалары жасөспірімдер демалатын орындарда демалады екен. 

Оңтүстік Қазақстандағы Қазығұрт ауданының тұрғындары мәжіліс депутаттарының қабылдауында болып, өздерін толғандырған мәселелерді жеткізді. Көтерілген түйткілдердің дені - ауыз суға қатысты. «Амангелді» ЖШС-нің жүзім плантациясын аралаған мәжілісмендер 2 тонналық жеміс-жидек және көкініс сақтайтын қойманы көрді, серіктестіктің жұмысына оң бағасын берді.

Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Жеміс-жидекпен, бидаймен шұғылданып жатыр екен. Көптеген азаматтарды жұмысқа тартып отыр. Мыңның үстінде адам жұмыс істеуде. Бірақ біз шаруашылық басшылығына жалақыны көтеру мәселесін қойып отырмыз. 

Павлодарға келген халық қалаулылары облыстық ауруханада болып, науқастармен кездесті. Депутаттар денсаулық сақтау саласындағы басты реформасы - міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жан-жақты түсіндірді. Осы айдан бастап енгізіліп отырған жаңашылдық  медициналық қызмет сапасы мен оның қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Айзада Құрманова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Халықтың әлі де медициналық қызметке көңілі толмайды. Әсіресе, поликлиникалық қызмет деңгейінде. Мысалы, кезек күту, кезекке тұру, қажетті мамандардың жетіспеушілігі және дәрі-дәрмектің қолжетімділігі.

Айта кетері, әлеуметтік санатқа жататын топтарға жарнаны үкімет төлемек. Олар - балалар, көп балалы аналар, әскери қызметкерлер, студенттер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер. Ал қалған адамдарға жұмыс беруші мекемелер мен жеке кәсіпкерлер қаражат аударуы міндетті.

Әсемгүл Мұхитқызы, Мөлдір Дүйсекина, Заңғар Санай, Бахрамбек Талибжанов