Астананың дамуы – аймақтардың дамуы. Мереке өңірлерде де сән-салтанатпен аталып өтті.

Астананың дамуы – аймақтардың дамуы. Мереке өңірлерде де сән-салтанатпен аталып өтті.
08 шілде, 20:00

Қызылордалық Нұржігіт есімді такси айдайтын жігіт Астана туралы ән жазыпты. Ауылдың ақкөңіл адамдарының ақжарма тілегі шынайылығымен тартымды. Өңірлерден детальдарды Айжан Қуаш топтастырды.

Астананың туған күнінде Елбасының курстастары Қарағанды техникалық университетіне барды. Олар Қазақстанның тұңғыш Президентімен осы оқу орнында  бірге оқыған. Тіпті, бірге тұрып, Теміртаудың металлургия зауытында бірге жұмыс істегендер де бар. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевты замандастары президент ретінде ғана емес, жолдас ретінде құрметтейді.Тілшілерге жастық шақтарынан естеліктерін айтып ағынан жарылды.

Ермек Төлебаев, Елбасының курстасы:

Ол өте жігерлі, өте ұйымшыл болатын. Жас кезімізде күллі студенттерді жинап алып, анекдоттар айтып, қызық әңгімелер айтатын.Өте жақсы оқыды.Историко-материзм дегенді жақсы білді.Семинарда мұғалім кім айтып береді дегенде, біз «Нұрсұлтан айтып береді» дейтінбіз.Сөйтіп, ол кісі бізді құтқаратын.

Қуаныш Омашев, Елбасының курстасы:

«Сезіз қырлы,бір сырлы» дейді. Ол да аз. Ол біздің халыққа, қазақ халқына құдай берген адам.Адам ретінде жайсаң,досқа берік,жарқын адам. Ол кісінің сыры өте көп.Бір жағынан жаны нәзік болса, керек кезінде халық, ел,жер үшін шешім қабылдауға келгенде дегенінен қайтпайды.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Президенттің құрдастары мен Астана қаласын салуда тер төккен құрылысшыларға алғысхаттар мен EXPO көрмесіне арналған билеттертабыстады.

Қуаныш Омашев, Елбасының курстасы:

Ешқандай патша,ешқандай ел басқарған адам өзінің қысқа ғана өмірінде қаланы салып бітірмеген, тарихта ондай орын алмаған. Ешкім мұндай жетістікке қол жеткізе алмаған. Олай бірінші істеген елбасы біздің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.Ол кісінің парасаттылығын, ол кісінің көрегенділігін, теңдесі жоқ саясаткер ретінде тағы да бір рет көрдік.

Елбасы білім алып, қызмет жолын бастаған кеншілер шаһарында Астананың туған күні ерекше тойланды. «Астана-Қазақстанның жүрегі» арт-фестивалі соның айғағы. Оған қаладағы көркемсурет,өнер ұжымдары мен барлық мәдени мекемелер қатысып, тұрғындарды шығармашылықтарымен таныстырды. Орталық саябақта ұйымдастырылған шараға қалалық хайуанаттар бағы да қонаққа келді. Балалар мәз-мейрам. Оған ата-аналар қуанады.

Назерке Жартын, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Концерт, көрмелер, тіпті хайуанаттар бағы да осында келіпті.Мұнда келгеніме өте қуаныштымын.Астанамыз гүлдене берсін. Тәуелсіздігіміз нығая берсін! Елбасымыз аман болсын.

Салтанат Жанабаева, қала қонағы:

Мен қонаққа келгем Шымкенттен. Ұнап жатыр.Әдемі дайындық.Әр саланың өз өнерлерін шығарыпты. Кішкентай балаларға арналған ойындар құрастырдық.

Оралда Астана күніне орай жергілікті қолөнер шеберлерінің «Шеберлер қаласы» деген көрмесі өтті. Оралдықтар «Арбат» деп атап кеткен орталық көшеде саз бен ағаштан, темір мен былғарыдан жасалған  бұйымдар қойылды. 50-ден астам өнерпаз туындыларын ұсынды. Тұрғындарды жүрдек «Нива» көлігінің дөңгелегін алып тастап, шынжыр табан орнатқан өнертапқыш таң қалдырды. Бұл көлік батпақ пен қарда емін-еркін жүре береді.

Танымал зергер Төлепберген Сарманбеков те осы көрмеге бұйымдарын әкелген. Бұлар негізінен қыз-келіншектерге арналған сырға, сақина, білезік пен алқа секілді әшекейлер, тұмар салынатын дұғалықтар мен таза күмістен жасалған қамшы. Білезіктердің бағасы 300 мың теңгеден. Ал, мына «Шаңырақ» композициясын шебер 50 мың АҚШ долларына бағалап отыр.

Төлепберген Сарманбеков, зергер:

Қазіргі кезде халық көбінесе базардан алады. Ол енді өндірісте жасалған жұмыстар. Олардың бағасы әрине арзандау келеді. Ол енді конвейерден шыққан жұмыстар, ал, жеке шеберлердің жұмыстары кішкене қымбаттау келеді. Себебі әр жұмысқа өзінің жанын салады.

Бұл қызылордалық қарапайым таксист жігіттің Астанаға арнап жазған әні. «Астана-ЭКСПО қожайыны» деп аталады.Нұржігіт Нұғманов рэп стиліндегі туындысын ютуб, инстаграм желілеріне салып,сол мезетте-ақ жүздеген лайк жинаған. Әсіресе, жастар қауымы бұл шығарманы бірден қолдап, репертуарларына қоса бастапты. Сөйтіп, қарапайым «шопыр бала» аяқ астынан танымал болды.

Нұржігіт Нұғманов, такси жүргізушісі:

Маған шабыт берген елімізде болып жатқан керемет жаңалықтар, маңызды оқиғалар.Әрине EXPО. Күн мен желдің қуаты. Біздің еліміз үшін ғана емес, барлық әлем үшін манызды дүниелер. Біз байтақ елімізді мақтан етеміз және  бүкіл әлемді абыроймен өзімізде қарсы алып жатырмыз.

Павлодарда Астана күніне орай жаңа жағажай ашылды. Ұзындығы 400 метрді құрайтын жағалау, бұдан былай қаланың көрікті жерлерінің біріне айналып, тұрғындар мен қонақтарды қуантатыны сөзсіз.Ескі жағажайдың оң жағы толықтай күрделі жөндеуден өтті. Үш деңгейлі нысан заманауи технологиялар арқылы салынған. 218 шам орнатылып, әдемі абаттандырылған. Адамдардың тынығуы үшін орындықтар мен түрлі сәулет құрылғылары орнатылған. Басты ерекшелігі – жиектері қиыршық тастармен соғылған. Мұны байқаған тұрғындар керекулік жағажайға «ескірмейтін сәулет өнерінің үлгісі» деген баға беріп жатыр.

Айгүл Ысқақова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Архитектураға қарағанда қазіргі заманда бәрі жылтырауық, әр жерден әкелінген. Ал, мынандай нәрсе ол ерекше, ерекше тастан жасалған.Бұл мыңжылдық нәрсе. Өйткені, мына тастар өзіміздің, қазақ елінің, жерінің қандай екенін көрсетіп, байлығымызды көрсетіп тұр. 

Астананың туған күніне Ертіс өзенінде кемелер шеруі де ұйымдастырылды. Халықтың көз алдында ірілі-кішілі 15 су көлігі жүріп өтті. Осылайша, ұйымдастырушылар Павлодарда өзен флотының дамып келе жатқанын көрсетті.

Қала тұрғыны:

-Таңертең екі баламды алып шықтым көрсетейін деп. Жүгіріп келдім, осы араға. Мұның өзі біздің қала - Павлодардың нағыз көркін көрсететін жер. Балалар да, өзіміз де келеміз.

Шым қаланың тұрғындары да Елорданың туған күнінде жаппай серуенге шықты.Қалалық саябақта жас суретшілер ашық аспан астында «Астана» тақырыбында сурет салып, демалушыларды қызықтыра білді.Балалардың ашық түсті, жарқын шығармалары көрмелерге қойылады.

Әлия Әділбек, Шымкент қаласының тұрғыны:

Бүгінгі мереке өте үлкен,ұлы мереке деуге болады. Біріншіден, Астана күнін тойлап жатсақ, екіншіден Елбасымыздың туған күні.Мұны әрбір Қазақстан деп жүрегі соққан азамат, Қазақстаным деген патриот азамат тойлауы керек.Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әрбір отбасының шаңырағына бақыт қонсын дегім келеді.

Айжан Қуаш, Еркін Қарин, Шарипа Сақтапова, Әсем Мұхитқызы, Айзада Төребекқызы, «Біздің уақыт».