ЭКСПО меймандары Сыр бойына саяхаттап жатыр.

ЭКСПО меймандары Сыр бойына саяхаттап жатыр.
08 шілде, 20:00

ЭКСПО-ға келген жапондық меймандар Қызылорда облысына барып, қазақша күрес, шабандоздардың өнері, ханталапай мен алтыбақан ойынын тамашалап қайтты. Жусан иісі аңқыған кең даладағы қазақтың ауылына таңдай қақты.   Қызылордада сынап бағанасы 50 градусты көрсетіп тұр. Бірақ аптап ыстықты шетелдік қонақтар елемеген де. Емдік қасиеті бар салқын қымызбен шөлін басқан. Сән-салтанаты келіскен киіз үйлерде меймандарға арнайы дастархан жайылып, қонақ кәде жасалды. Қолөнершілер әр бұйымның жасалу әдісімен бөліскен. Меймандарға Қорқыт бабамыздың ғұмыры жайлы тарихи әңгімелер мен кең даладағы қобыз үні ерекше әсер еткен.

Такэо Кавамура, Жапония азаматы:

Қазақ халқынын өз салт-дәстүрін дәріптеп, басқаларға көрсетіп жатқаны мені қатты толқытты. Қорқыт-Ата кесенесіне келгенде бір нәрсеге көзім анық жетті. Ежелгі тарихтан хабардар болып, оны ұрпаққа табыстап отыратын ел екенсіздір. Өз мәдениетіңе деген құрмет осындай ақ болсын. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын.

20 маусымда ашылған Қазақ ауылы әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарды күздің ортасына дейін қарсы алуға әзір. ЭКСПО картасына аймақтағы Қорқыт баба кесенесі мен Байқоңыр ғарыш айлағы енген. Бабаның басына зиярат жасағандар қатары екі аптада мың жарым адамға жетіп үлгеріпті.

Жандос Тұсмағамбетов, ЭКСПО-2017 ресурстық орталығының басшысы:

Он мемлекеттен шетелдік туристер келіп отыр. Атап айтқанда, Франция, Румыния, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясынан, Германия, соңымен қатар Голландия. 

Кеңдалада тұлпармініп, атқа шабуды қалаған азаматтарды үйретуге шабандоз жігіттер әрқашан әзір. Асық атып, ханталапай ойнауға болады. Этноауылда жүрекке жағымды қазақ әндері естіліп тұрады. Немесе жантолқытар күйлер төгіледі. Шөл дала жусанының керемет иісіне елітіп, дала желінің уілін естіген туристер қазақ елінің қонақжайлығына тәнті болып, бар ризашылығымен ақтілектерін жаудырып-ақ жатыр, деп хабарлады, облыстағы меншікті тілшіміз Шарипа Сақтапова.