Провинциядан арман қалаға айналған Астана!

Провинциядан арман қалаға айналған Астана!
08 шілде, 20:00

Белгілі фотограф Шүкір Шахайдың бұрын жарияланбаған фотосуреттері, адамға «Астана» деп ат берудің бұрыннан бар дәстүр екені, пәтер орта есеппен 3 мың доллар тұрған кез  - Гүлбарам Меңдееваның Астана күніне орай жасаған авторлық сюжеті.

Ақмола. Бір кездері қоңырқай өмір сүріп жатқан қаланың ел ордасына айналатынын ешкім білген жоқ еді. Жаңа астананы Ақмолаға ауыстыру идеясын президент 1994 жылы мәлімдеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

Уважаемые депутаты, выношу на ваше рассмотрение очень важный для жизни республики, особенно перспективу вопрос о переносе столицы нашей страны. По моему поручению было проведено обстоятельная изучение всей территорий республики с целью определение оптимального месторасположение новой столицы государства. Такое изучения продолжено течение года. Анализ проведенный по 32 параметрам науки который пологается смотреть, в этих случаях среди которых соц-экономический показатели, климат, ландшафт, сейсмоусловия, окружающая среда, инженерно-транспортный инфраструктура, строительный комплекс, трудовые ресурсы и другие показали, что из всех вариантов наиболее предпочтительный является город Ақмола.

Тарихи шешімді Парламент 1997 жылы 6 шілдеде қабылдады. Осылайша елорда Алматыдан Ақмолаға көшірілді.

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

Наступила время президента со своим аппаратом передислоцироваться новую столицу. Считаю, что наше молодое государство несмотря на все трудности сделала исторический шаг и продемонстрировала всему миру своей огромной возможностью. Потомки по достоинству оценят это решение. Предприняты интересы государства, будущего нашего народа.

Президент аппараты ұшаққа отырып аттанған соң басқалар да қарап қалған жоқ. Ұлы көш басталды. Ақмолаға қарай жүйткіген пойыздар адамдарды лек-легімен тасыды.

Көш мінген пойыздың «астаналық» деп аталуы тегін болмас. Президент 1998 жылдың 6-шы мамырында қаулыға қол қойды. Ол Ақмола атын Астанаға ауыстыру жарлығы еді. Көш ауған жаққа бақ ауады. Жұрт Астанаға лап қойды. Әр өңірден шыққан көштің қарасы қалың еді.  Ақмоланың жылжымайтын мүлік нарығында шок болды. Осылай деген реэлтор Рабиға Қабылденова «ескі қала жаңа көшті қабылдауға қауқары жетпейді» деген үрей болғанын еске алады.

Рабиға Қабылденова,  жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:

Қала өте кішкентай болды. Соған сай ұсыныс та аз болды. Алматылықтар бастапқыда пәтерлерді жалға алды. 2000 жылдардан бастап пәтер сатып алушылар артты. Өйткені құрылыс қарқын алды. Түрлі, қызықты тұрғын үй кешендері салына бастады. 2003-2006 жылдары ипотека шыққанда сұраныс тіпті артты. Тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді. Айына 50-60, тіпті 100 пәтер саттық. Осылайша біз көшті жайғастыра алдық. 

Бастапқы кезде 1 бөлмелі пәтерлер күлкілі бағаларға сатылған. 1 бөлме 3 мың долларға саудаланыпты. Кейін 2 бөлмелілер 7-7,5 мың долларға, 3 бөлме 8-9 мың долларға сатылған. Әрине, сұраныс жоғары болған жерде құн да шарықтады. Баға 19 жыл ішінде 200-300 пайызға артты.  Өйткені көш әлі тоқтаған жоқ. Құрылыс та тежелмеді. Жұрт тәнті болатын сол жағалаудың бас жоспарын жапон сәулетшісі Кисе Куракава сызды. Норман Фостер Хан шатырды жобалады. Әр ғимараттың осындай өз тарихы бар. Ал тарихи сәт  объективтен тыс қалмады. 

- Мынау Астана болып бекітілді ғой, 1997 жылы, сол кезде күзде келіп түсіріп кеткенмін.«Самал» ауданы салынып жатыр. Қамыстарды қарасайшы.

Мынау фотограф Шүкір Шахайдың еш жерде жарияланбаған суреттері. Министрліктер үйінен бастап барлық дерлік саяси-әкімшілік ғимарат құрылысы түсірілген суреттер бүгінде тарихтан сыр шертеді. Фотограф бұл әдетін қойған жоқ, қоя алмайды да. Өткені «келер ұрпаққа қала қалай салынғанын, неден басталғанын жеткізу – міндет» дейді.

Шүкір Шахай,  фотограф:

Бұл енді қаланы нөлден бастаған Елбасыға ыстық болады ғой, бұл қала. Себебі алғашқы кезде ол кісі өзі қатысып, ленталарын қиып жүрді. Ұнағаннан кейін жасайды ғой. Ұнамаса жасамайды ғой, дұрыс па?Астана күндіз қалай әдемі болса, түнде де солай әдемі ғой. Қыстың күні тіпті әдемі аязына қарамай-ақ, оның...- Сонда 20 жыл өтсе де суретке түсіруріңізді қоймайсыз ба? –Жоқ, қоймаймын оны!

Еуропалық, азиялық және қазақы нақыш араласқан әсем қала,- деп есептейді фотограф. Сондықтан сәулетіне көргеннің көзі тоймайды. Астана әр қазақтың мақтанышына айналып үлгерді. Астана есімді балалар да дүниеге келді. Ғалымдар «Астана» ұғымының  терең екенін айтады.

Досай Кенжетай, теолог-ғалым:

Астана сөзі сопылық ұғым арқылы келген. Астана қандай ұғым десеңіз «ақиқатқа ашылған қақпа» деп аударылады. Қожахмет Яссауи сияқты әулиелердің жерленген жерін біз «астана» дейтін болғанбыз. Себебі әулиелердің жатқан жері Алла мен қоғам арасында көпір ретінде қараған. Кейін бұл ұғым елдің орталығы деген мағынада болған.

Сондықтан болар, адамға Астана есімін тағу бұрыннан бар. Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген Астана Қарғабайға әкесі азан шақырып, осындай есім берген. Бұл Астананың атасының ағасының есімі екен. Әкесі Ұлы майданда мерт болған ағасының көзі өшпесін деп қойса керек.

Астана Қарғабай, Шымкент тұрғыны:

Университетте оқып жүргенде удостоверениемді алып жүретінмін. Өнерге келген кезде де ешкім сенген жоқ. Бұл псевдоним, ник деп ойлайды. Жоқ, менің есімім Астана десем тағы сенбейді. Кейбіріне амандасып, Астана десең, Шымкент, Қарағанды дейді.

Астана есімін мақтан тұтады. Өмірдегі, өнердегі сәттіліктерін де атымен байланыстырады.

Астана Қарғабай, Шымкент тұрғыны:

Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Сол үшін есіміме лайық болуға тырысамын.

Астана елорда атанған жылы дүниеге келгендердің арасында Астана есімі жиі кездеседі. Бұл үрдіс одан кейін де тоқтаған жоқ. Соңғы рет өткен жылы Астана есімді сәби Алматы облысында дүниеге келіпті. Бір қызығы ол ер балаға да, қыз балаға да қойылып жүр. Қазақ үшін Астана арман сөзімен синоним болып кетті. Елорда барша қазақ бір көруге асығатын, өзгелер тамсанатын қалаға айналды.

Егор Бортник,  БИ-2 тобының солисі:

Біз Астанаға келгенді ұнатамыз. Келген сайын жаңа кварталдар, жаңа ғимараттардың салынғанын байқаймыз. Қала өсіп жатыр, қала өте әдемі.

Гүлбарам Меңдеева, тілші:

Дегенмен, шаһар салынып біткен жоқ. Алысқа көз салсаңыз, құрылыс әлі қарқынды. Крандар, құрылысшылар жұмысын тоқтатқан жоқ. Астананың 19 жыл ішінде бергені не? Ерекшелігі қандай? Меніңше, бұл қала руларға, жүздерге бөлінген жұрттың басын қосты. Астана өзімен тағдырластарды табыстырды. Тағы бір байқағаным, Астанада  әр шаңырақта дастархан жиылмайды. Өйткені қонақтар тыйылмайды. Қазақстандықтарға Астананың атмосферасы, көшелердің кеңдігі ұнайды. Ел ішінде елорданың желорда деген тағы бір атауы бар. Осы самал желді сүйетіндер қаншама?! Бұл әлсіздер тұратын да қала емес. Жұмыс, карьера үшін жанталастан бөлек, қыста сынайтын сарышұнақ аязы сүйектен өтсе, кері қайтатындары бар. Міне, сіз бен біздің Астана осындай.

Гүлбарам Меңдеева, Бахрамбек Тәліпжанов, Еркебұлан Кенжеғұлов, Бауыржан Жолдыбалин «Біздің уақыт».