Алматылықтар ұзаққа созылған жол жөндеу жұмыстарына наразы

Алматылықтар ұзаққа созылған жол жөндеу жұмыстарына наразы
17 шілде, 20:00

Тым ұзаққа созылатын жол жөндеу жұмыстары алматылықтарды әбден мезі қылды. Көшелердің көбісі жабық, көліктер аптап ыстықта діттеген жеріне жете алмай сағаттап жүруге мәжбүр. Жүйкесі жұқарған жүргізушілер жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын білгісі келеді. Көлік айдап, күнделікті нәпақасын тауып жүргендер бұдан арыға шыдай алар емес. Ал, атқамінерлер  құрылыс қыркүйек айында бітеді деп отыр. Тұрғындарды ашындырған көше құрылысының жайын Айгүл Ермахан көріп келді.

Бұл қаладағы орталық көшелердің бірі. Жөндеу жұмыстары мамырдың аяғында басталған. Екі шетінен қоршалып, ортасы қазылып тастағандықтан, ертелі кеш кептеліске себеп болады. Қалада бас аяғы 168 көше жабылыпты. Сағызша созылған құрылыс көлік жүргізушілерінің ызасына әбден тиіп біткен.

Алматылық Бақытжан Бековтың айтуынша, жұмысшылар күндіз мүлде көрінбейді екен. Олардың жайбасарлығынан мезі болдық дейді тұрғын. Сауда орталықтарына азық-түлік тасымалдайтын ол жүретін көше іздеп жүргенде көкөністер ыстыққа ұрынып, көлік ішінде бүлініп жатыр деп қынжылды.

Бақытжан Беков, қала тұрғыны:

Анау көшелердің барлығы ұмытылып кетті, жарты айдан жатқан көшелер бар.  Мен өзім доставка жасаймын, таксовать етемін. Амал жоқ, пробкада тұрамыз. Айналып барғанымен, бәрібір көшелер жабық. Қиыншылық тудырып жатыр, күн болса ыстық.  Соны  тездетуін сұраймыз.

Алик, қала тұрғыны:

Белгілер жоқ, жол жұмыстар жүріп жатыр деген. Шамамен 2 ай болған шығар уже. Тезірек бітсе екен дейміз.

Көлік қатынасына рұқсат жоқ деген белгілер көшелердің біріне ілінсе, енді бірінде тіпті  жоқ. Жұмыстың қарқыны баяу екенін көрген тұрғындар көлігін тастап, көшенің екінші басына жаяу жетуге мәжбүр. Ал, жұмыс жүргізу міндетін қолға алған мамандар барлығы халық үшін жасалып жатыр дегенді алға тартады.

Қала көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы мен көшелерді жаңарту мен ескі жылу құбырларын ауыстыру қызу жүріп жатыр. Ал шеткі ықшамаудандарда 10 шақырымға созылған  жаңа жол салынуда. Бүгінде 7 шақырым трамвай жолы алынып тасталды. Бұл қала көркі үшін маңызды. Сондықтан атқамінерлер көлігі салдырап, әбден титықтаған жүргізушілердің  қыркүйек айына дейін  шыдай турудан басқа амалы жоқ екенін айтты.

Айдын Тойбазаров, Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің бас маманы:

Қазіргі таңда  барлық көшелер жабық деп айтуға болмайды. Себебі жабылатын кезде түнгі сағат 23.00-пен таңғы 6.00 уақыт арасында жабылады. 168 көшенің қазіргі таңда 38 көшесінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Негізгі қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Осы орташа жол жөндеу жұмыстарына және ағымдағы жол жөндеу жұмыстарына 9,5 млрд бөлінді биылғы жылы. Қалған көшелерді келесі жылы қарастыратын боламыз.

Айгүл Ермахан, тілші:

Жалпы қалада 3 мың шақырымнан асқан 2746 көше бар. Оның 168 биыл толық жаңартылады. Ал, қалған көшелерді жаңалау келесі жылдың еншісіне қалмақ. Жөндеу жұмыстары жергілікті әкімдіктің берген уәдесіндей сәтті аяқталатын болса, халықтың тегіс жолмен жүйткитін күні де алыс емес.

Айгүл ЕРМАХАН