Қарағандыда қоғамдық көліктерді электронды билеттендіру жүйесіне көшіру жоспарланды

Қарағандыда қоғамдық көліктерді электронды билеттендіру жүйесіне көшіру жоспарланды
17 шілде, 20:00

Қарағанды қаласындағы қоғамдық көліктер 2018 жылдан бастап электронды билеттендіру жүйесіне көшеді. Бүгін облыс әкімі Ерлан Қошанов жауапты шенеуніктерге осындай тапсырма берді. Сала мамандарының айтуынша, мұндай тәсіл жолаушылар легі мен автобустардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Аймақ басшысы жолаушы тасымалдаушылардың жұмысын реттеуді Қарағанды қаласының әкімі Ерлан Әубәкіровке тапсырды.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

Қыста не болатыны белгісіз. Аязда кез келген техника нашарлайды. Бір ай бұрын автобустардың 45 пайызы ғана желіге шыққан. Енді 84 пайыз деп отырсыз. Оны тексеру керек әлі. Біртіндеп шешілетін күрделі сұрақтар көп. Сіздерге қыркүйекке дейін уақыт беремін.

Кеншілер шаһарында автобустардың үздіксіз жүріп-тұру мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Алайда, қаладағы 9 автобекетті қадағалау босаңсып кеткен сыңайлы. Жолаушы тасымалдаушылар өзіне тиесілі міндеттерді мінсіз атқарып отыр деп айту қиын.  Қоғамдық көліктер белгіленген кестеге сай жүрмейді. Жұмысқа шықпай қалу тым жиілеп кеткен. Ал, жүргізушілер мен жолсеріктер тәртіп сақтамайды. Облыстық ІІД-нің мәліметінше, соңғы үш күнде көлік тізгінінде отырып телефонмен сөйлескені және жол ережесін бұзғаны үшін 11 автобус жүргізушісіне айыппұл салынған.

Автобустар сирек жүреді. Бір ғана 118-ге бәрі сығылысып алады. Таңертең тіпті отыра алмайсың.

49 автобусты бір-бір жарым сағат тосамыз. Күзде балалар мектепке қалай баратынын кім білсін?

Қарағандылықтар қала орталығында қоғамдық көліктер қозғалысының аздап реттелгенін айтады. Алайда, шет жақтағы ықшам аудандар мен жеке секторға қатынау өте күрделі күйінде қалып тұр.