Қазақстандық тіс дәрігерлері өткен жылы 3 млрд теңге табыс тапқан

Қазақстандық тіс дәрігерлері өткен жылы 3 млрд теңге табыс тапқан
17 шілде, 20:00

Өткен жылы тіс дәрігерлерінің таза табысы 3 миллиард теңгеден асып жығылған. Бұл туралы ұлттық экономика министрлігінің мамандары айтты. Бұл 2015-ші жылмен салыстырғанда 74 пайызға көп. Көл-көсір пайдаға кенелген саладағы табыстың құпиясы неде, тіс дәрігерлерінің қызметі қанша пайызға өсті? Әріптесім Дәуренбек Бақдәулет тақырыпты зерттеп көрді.

Бір жылда табыстің бірден 74 пайызға артуы стоматология саласында 5 жылдан бері болмаған. Сондықтан рекордтық көрсеткіш деуге болады. Статистика агенттігінің ақпарынша, табыстың тәуір болуына бірнеше фактор әсер еткен. Алдымен, қызмет құнының бағасы. Ол бірден 10,5 пайызға өскен. Қымбатшылықты денсаулық сақтау министрі де аңғарыпты.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Медициналық қызметтердің айтарлықтай қымбат екенімен келісемін. Орта есеппен бір адамға 33 мың теңге көлемінде, оның 15 мыңдайы дәрі-дәрмекке кетеді. Бірақ, стоматология саласы министрлікке қарамайды, және ондағы бағаны нарық өзі реттеп отырады.

Ресейлік тіс дәрігері бойжеткеннің 22 сау тісін жұлып тастаған. Ал бізде мықты деген клиникалардың бірі ауыз қуысында инені ұмытып кеткен. Салынған пломбаның түсіп қалуы, жұлдырған тістің жартысы қалып қойып қақсайтыны жиі кездесетін жәйт. Бұл туралы әлеуметтік желіде ой бөліскендер көп. Мамандар болса тіс емханаларының шығыны шаш етектен дейді.

Жанат Қарабаева, стоматологиялық клиниканың басқарушы директоры:

Ең көп қаржы құюды талап ететін сала. Табыстың 50 пайызға жуығы дәрі-дәрмекке, құрал-сайманға кетеді. Бұған мамандардың айлығы мен жалға алуды қосыңыз. Келушіге қалтасына қарай қызмет ұсынылады. Қарапайым түрінен бастап люкс қызметіне дейін. 

Мейрам Раганин, «Қазақстандық стоматологтардың бірыңғай ассоциациясы» ҚБ вице-президенті:

Қымбаттауға әсер ететін бірнеше фактор бар. Құралдардың  құны өте қымбат. 20-30 мың еуродан бастап 70-80 мыңға жетеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін білім жетілдіріп тұрамыз. Оқудың бір күні Қазақстанда 80 мың теңге шамасында. Бұған қоса дәрігер жылына 1 рет шет елде біліктілігін жоғарлатуы керек.

Өткен жылы әсіресе Алматы, Атырау, Қостанайдың стоматологтары білек сыбана жұмыс істепті. Мысалы, алматылық тіс дәрігерлердің табысы 4,8 млрд теңгеден 16,8 млрд теңгеге жеткен. Атырау облысының табысы 28,1 пайызға өсіп, 1,1 млрд теңгені құраған. Қостанайда стоматологтар кірісі 23,7 пайызға өсіп, 2 миллиард теңгені құрады. Мамандар қызмет құнының қымбаттауы көрсетілер қызмет сапасын арттырады дейді.

Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші :

Тіс адамға өмірінде екі рет тегін беріледі, ал, үшіншісіне қыруар қаржы төлеуге міндеттісіз, - деп қалжыңдайды тіс дәрігерлері. Расымен, де бәсекеге қабілетті болып, заманауи технологияны пайдалану аса сезімтал тіс ауыруларын емдеуде қажет-ақ дүние. Бірақ, біздің елдің тұрғындарының азғана айлығы мен аталмыш емханалар да тіс емдеу мүмкін бе, жоқ па - бұл әркімнің өз мәселесі болып қала бермек.