Ақтөбеліктерге ауданға көшіп келуге ұсыныс жасалды

Ақтөбеліктерге ауданға көшіп келуге ұсыныс жасалды
11 тамыз, 20:00

Қаладан - ауылға! Мәртөк ауданының атқамінерлері ақтөбеліктерге ауылға көшіп келуге ұсыныс жасады. Аудан әкімінің айтуынша, қазір 6 шаруа қожалығына 30-ға жуық жұмыс күші керек. Шаруашылықтар өз кезегінде жұмыс істеймін дегендерге баспана бөліп, тұрақты жалақы төлеп отыруға дайын.

Аудан басшылығы мен шаруа қожалықтарының өкілдері тілек білдірген ақтөбеліктермен де кездесті. Айтуларынша, қазір аудан көлемінде 60-тан аса бос үй бар. Олардың құны 200 мың теңгеден 5 миллионға дейін барады. Егер нақты келісім жасалса, әкімдік баспаналарды сатып алып, жұмысшыларға қызметтік баспана ретінде ұсынуға дайын. Кейін оны тұрғындардың сатып алуына мүмкіндік берілмек. Ең бастысы, көшуге ниетті отбасылар ұсынған жұмысты адал атқаруы тиіс.

Оразбек Далмағамбетов, "Көквест" ЖШС төрағасының орынбасары:

Бізге малшы керек. Малшы таптырмайды. Екінің бірі малшыға барғысы келмейді. Сол шарт бойынша,  үй де сатып алып берейін деп отырмыз. Ол жақта үйлер бар. Қазіргі таңда бізге 4 доярка керек, 4 малшы керек, механизаторлар таптық. Айлық 90 мыңға дейін барады.

Нұржауған Қалауов, Мәртөк ауданының әкімі:

Осы бастама жүргеннен кейін әрі қарай қарай көреміз. Әр ауылда бос тұрған үйлер бар, иелері көшіп кеткен. Бүгінгі күннің өзінде жалпы есеппен 60-тай үйді анықтадық. Бірінші шаруашылықтар бастайды. Одан кейін ниеттілер болып жатса, біздер өзіміз бюджеттен де көмектесуге мүмкіндігіміз бар.