«Харви» дауылынан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ

«Харви» дауылынан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ
28 тамыз, 20:00

АҚШ-тағы алапат құйын астында қалып қойған жүздеген қазақстандық болуы мүмкін. Осылай деген Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі қазір қазақстандық дипломаттар Техаста «Харви» дауылы аумағында қалып қойған отандастарымызбен үздіксіз байланыста отырғанын хабарлады. Қазақстанның Вашингтондағы консулының телефон нөмірі мен қажет болған жағдайда хабарласатын «қауырт желі» нөмірі таратылған. Дегенмен, қаза тапқандар мен зардап шегушілер арасында қазақстандықтар тіркелмеген. Сондай - ақ сағатына 200 километрге жеткен дауыл салдарынан Техас штатында көптеген аудандарды су басып, 5 адам қаза тапты. Дауылдан кейін су тасқыны толастамай тұрғандықтан құрбандар саны бұдан да артуы мүмкін,- дейді мамандар. Ал құйын 30 тамызға дейін жалғасады деген болжам бар. АҚШ-тың ұлттық метеорологиялық қызметінің хабарлауынша, қазір 350 мың адам электр қуатынан ажырап қалған.

Эбби Зейглер, Техас штатының тұрғыны:

Қазіргі уақытта жергілікті халық есіне кіре алмай жатыр. Себебі мұндай дауыл салдарынан ешкім аяққа тұра алмайды. Таңның атысымен кештің батысына дейін жалғасқан дауыл елді мекендердің біраз аумақтарын қиратты. Өкінішке орай мұндай дауылға алдын ала дайындалып үлгермедік.

Айта кетейік, «Харви» дауылы он екі жыл бұрын АҚШ-та болған «Катрина» құйынынан кейінгі жойқын дауыл болып отыр.