«Харви» дауылынан келген шығын 160 миллиард долларды құрауы мүмкін

«Харви» дауылынан келген шығын 160 миллиард долларды құрауы мүмкін
31 тамыз, 20:00

АҚШ-та 5 күн ойнақ салған "Харви" дауылынан 30 адам қаза тапты. Ал материалдық шығын рекордтық соммаға жетеді деген болжам бар. Ол шамамен 160 миллиард доллар. USA Today бұл AccuWeather компаниясының есебі деп хабарлады. Сомма ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына тең. Қазір Хьюстонда судың беті қайта бастады. Әуе қатынасы қалпына келтірілген.

Дегенмен, Техас штатының шығысындағы Порт-Артурды су басып қалған. Ондағы АҚШ-тың ең ірі мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Ол биылғы жылдың мамырынан бастап Сауд Арабиясының мемлекеттік корпорациясының 100 пайыз иелігінде. Бұған дейін Техастағы бірнеше мұнай компаниясы "қара алтын" өндіруді тоқтатқан болатын. Олар АҚШ мұнайының 20 пайызын өндіреді. Кәсіпорындардың жабылуы мұнайға сұранысты әлсіретіп, құнын төмендетті. Дегенмен, қазақстандық экономист Меруерт Махмұтова мұнай бағасы 45-50 доллар шамасында сақталатынын айтып отыр. Ал теңге бағамына рубль көбірек әсер етпек.

Меруерт Махмұтова, экономист:

Дауыл садарынан мұнай бағамы өседі деп алаңдаудың қажеті жоқ. Алдағы күндері ешқандай да өзгеріс болмайды. Мұнай бағамы осы қалпында сақталады. Мұндай пікірді осыдан 2 жыл бұрын болған жағдаймен салыстырып айтып отырмын. Әрине, барреліне 150 АҚШ доллары көлеміндегі баға қайтып оралмайды. Қазіргі деңгейінде қалады. Асып кетсе, кішігірім ауытқулар болар. Бірақ ұзақ мерзімдік өзгерістердің болмайтынына сенімдімін. Ал теңгеге тоқталар болсам, алдағы жарты жыл аралығында айтарлықтай өзгеріс болмайды.