Астана тарихы туралы балаларға арналған тағы бір кітап тұсаукесері болды

Астана тарихы туралы балаларға арналған тағы бір кітап тұсаукесері болды
04 қыркүйек, 20:00

Бүгінде саусақпен санарлық балалар әдебиетінің қатары тағы бір құнды кітаппен толықты. Астана қаласының тарихынан сыр шертетін заманауи кітап «Ел жүрегі - ажарлы қала Астана» деп аталып отыр. Оның авторы - осыған дейін Алматы қаласының мың жылдығына орай осындай кітап жазып шығарған Зәуре Төреханова.

Туынды «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жарық көрді. Кітапта қаланың Бозоқтан Астанаға дейінгі қызықты, ғаламтор беттерінде жарық көрмеген тарихы айтылады. Шығарма қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шыққан. Оның құрылымы да айтарлықтай жеңіл болу үшін оқырманға Айя есімді робот көмектеседі. Біліктілігін жетілдіру үшін қосымша ойындар да қарастырылған. "Кітап тек балалар қауымына емес, шетелдік қонақтарға да тамаша тарту болар еді", - дейді туынды авторы. Кітап жақын арада мектеп кітапханасының сөрелеріне де қойлатын болады.

Зәуре Төреханова, кітап авторы:

Назарбаев зияткерлік мектептеріне, өзге гимназияларға барып, балалар пікірін білдім. Көмек көрсеткен адамдардың барлығының ой-пікірлері осы кітапта қамтылған. Барлық оқырман қауымға қызықты мәліметке толы деп айта аламын.

Ерлан Каналимов, Астана қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы:

Біздің жас буындарға арналған әдеби құралдар өте аз. Сондықтан Астана туралы жеке туынды шығару қолға алынған. Елорда тарихы көбіне жастарға, оқушы балаларға арналған деп айтуға болады.