ШҚО-на «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыруға қаржы бөлінген

ШҚО-на «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыруға қаржы бөлінген
06 қыркүйек, 20:00

Өскеменде алдағы 5 жыл ішінде 140-тан астам көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл пәтерлер тек бір ғана шағын ауданда салынады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттік бағдарламалардың іске асуымен танысу үшін Шығыс Қазақстанға іссапармен барды.

Осыдан біраз уақыт бұрын мына жаңа шағын ауданның орнында ен дала болған. Қазір бұл жерде құрылыс қарқыны бір секундқа бәсеңдемейді. Алдағы бірнеше жылдың ішінде 14 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Облыс орталығының гүлденуіне Елбасының жаңа бағдарламалары тың серпін берді. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жаңа жұмыс орындарының ашылуы да халық үшін зор қуаныш.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасының тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысына кейінгі екі жылдың өзінде 150 млрд теңгеден астам қаражат екі бағдарлама бойынша "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша бөлініп жатыр. Тек қана мына біз тұрған алаңда 144 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Болашақта дәл осы жерде 100 мыңнан астам адамдар тұратын болады. Осының барлығы бұл өңірге Елбасының жасаған қамқорлығы деп бағалануы керек. Өскеменнің тарихында еш уақытта дәл осындай қарқынды құрылыс болмаған.

Тұрғын үйлермен қатар Шығыс Қазақстанда жаңа кәсіпорындар қарқынды даму үстінде. Үшінші модернизацияның мүмкіндігін пайдалана отырып, өндірісті ұлғайтуға бел буған бұл завод насос қондырғылары мен өндірістік арматура шығарады. «Даму» қоры арқылы мемлекеттен несие алған кәсіпорын кеңейіп, бүгінгі күні өз өнімін Ресей мен Орталық Азия нарығына шығарады. Сапасы да шетелдік қондырғылардан еш кем емес.

Қанат Әбсадықов, "Силумин-Восток" ЖШС инженерлік фирмасының сәулетшісі:

Мен осы компанияда 3 жылдан бері жұмыс істеймін. Осы үш жылдың ішінде біздің ұлғайып, өндірісіміз үлкейіп, неше түрлі қызықты жобалар жасап жатырмыз. Өкіметтің қолдауы бойынша, неше түрлі бағдарламалар арқылы біздің өндірісте жаңа жұмыс орындары пайда болды.

Іссапар барысында Мүхтар Құл-Мұхаммед Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдерімен кездесті. Кездесу шығыстағы көрікті, тарихи орындардың бірі - этноауылда өтті. Жиында Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының игіліктері түсіндірілді. Бұл күнгі іс-шараларды қорытындылай келе, Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс активімен кездесіп, Елбасы бастамаларын әр қазақстандыққа жеткізуді алдарына мақсат етіп қойды.