ЭКСПО-2017 көрмесінен шағын кәсіп иелері жақсы табыс тапты.

ЭКСПО-2017 көрмесінен шағын кәсіп иелері жақсы табыс тапты.
09 қыркүйек, 20:00

ЭКСПО көрмесінің жабылуына бір тәулік қалды. «Болашақ энергиясы»елімізде тақырып күйі қала ма, жоқ әлде шынымен қозғалыс бола ма?.. Осы аптада Франция 2040 жылға қарай мұнай мен газ өндіруден бас тартатын әлемдегі алғашқы мемлекет болуы мүмкін деген ақпарат шықты. Францияда дизель және бензинмен жүретін автокөліктер саудасы да тоқтатылады. 6-қыркүйекте үкімет қарауына түскен заң жобасы бойынша, осы ел аумағында жаңа кен орындарын ашуға лицензия беру біртіндеп азайтыла бастайды екен. Бұл негізі елең еткізетін жаңалық. Себебі біз көп тоқталатын «мұнай дәуірі аяқталады, тиісінше, әлемдік ойын тәртібі өзгереді» деген мәселемен тоқайласады.

Көпшілікті сүйсінткен мына фото көрменің визуалды қырын жоққа шығартпайды. Шағын бизнесі барлар да бір жырғап қалды. Мейрамхана, мейманхана, шаштараз, сондай-ақ, кәдесый шығаратындар дегендей.Шетелдік клиентінің шашын шатасып, басқа түске бояп тастаған шаштараз Айгүл де бар сюжетті Дәуренбек Бақдәулет дайындады.

Шағын ғана сұлулық салоны Астананың сол жағалауында орналасқандықтан ба, Айгүл биыл ерекше табысқа кенелгенін жасырған жоқ. 

Айгүл Әлімбетова, шаштараз:

Мен азанғы 9-дан кешкі 8-ге дейін істеймін. Бірақ кейде ЭКСПО уақытында 10-11-ге дейін істедім. Себебі халық ЭКСПО дағы концерттерге барып, халық өз-өзін әдемі етіп көрсеткісі келеді. Содан болса керек көптеген шаш үлгілерін жасадық.

Айгүлдің шаштаразы шағын ғана дерсіз. Келістік. Бірақ осы мерзімде күніне 7-8 миллионға дейін табыс тапқан кәсіпкерлер бар. Мына 500 адамдық  мейрамханадан Есіл жағалауында қоныс тепкеннен шығар, 3 ай бойы адам қарасы арылмаған. Сыртта кезек күтіп тұрғандарын өзіміз көрдік. 

Ержан Уәлихан, мейрамхананың бас әкімшісі:

Былтырғыға қарағанда табысымыз өте жақсы. Бір күндік табысымыз мереке күндері сенбі, жексенбіде 8 миллионға дейін. Адам өте көп боладығой. Күнделікті 500 адам қабылдаймыз. Кезек, күнде кезек. Мына есік алдында кей мереке күндері таңнан кешке дейін кезек болады.

Тапа-тал түсте барып, түстеніп отырған шет елдіктерді де көзіміз шалды. Чемоданын сүйретіп жүрген олар тамақтың дәмді, бағаның қолжетімді екенін айтады. 

Татьяна, турист:

Біріншіден қызмет сапасы жақсы екен. Мейрамхана атмосферасы да тыныш, жаңға жайлы, тамағы дәмді, бағасы да арзан.

Дәл осы туристердің тек Астанада емес, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жүргенін депутат Азат Перуашев та байқапты. Қазақстанның туристік потенциалы расында мықты, дейді ол. Әдетте кәсіпкерлердің мүддесін қорғап жүретін депутатқа аймақтардағы кәсіпкер достары биыл туристердің көбейгенін, табыстарының артқанын айтқан. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Шет елдік болсын, өзіміздің туристтер болсын оларға қызметететін қонақ үй, кафе, тасымалдаушылар табыс тауып отыр. Екіншіден мен тіпті кей жүздеген шет елдік қонақтар Қазақстан батыс елдерінен гөрі алыс орналасқандықтан, олар Астанаға келген соң, басқа Тараз, Шымкентке де барыпты.

Сөзімізді бастаған Айгүлге қайта оралсақ. Сұлулық салон қожайыны шет елдіктердің ашық, әрі жайсаң мінезін қатты ұнатып қалыпты. Бірде шет елдікпен қызу әңгімеге кірісіп кеткен ол,  клиентінің шашын шатасып,  басқа түске бояп тастайды. Абырой болғанда оңай құтылған. 

Айгүл Әлімбетова, шаштараз:

Жаман қобалжыдым. Ондайда жағдай болды бізде. Содан амал жоқ болар іс болды деп күттім. Кейін жуып, кептіріп көрсетсем клиентім риза болып, ой рахмет мен мына өңді қанша уақыттан бері шығара алмай жүр едім деп риза болды. Сосын барып айттым, ренжімеңіз, әйтеуір өзіңізге ұнап тұр ғой дегем.

Көрменің арқасында кейбір қыздар мен жігіттер жазғы демалысын тиімді өткізді деуге негіз бар. Ағылшын тілін жетілдіріп, жаңа достар тапқан олар, көрме кезіндегі ерекше қызықты оқиғаларымен де бөлісті. Қызылордадан арнайы келген ағалы-қарындасты Сейфолла мен Аружанның оқиғасы мынадай: 

Сейфолла мен Аружан, еріктілер:

Бұл жақта қызықтар көп болып тұрады. Мен алғаш келгенде жұмыс бітіп, жатақханаға қайтайын деп, күзетшіден сұрасам автобус мына жақтан жүреді деді. Сосын барып, өзім таба алмай, 3,5 сағат бойы ЭКСПО көрмесінің сыртын аралап жүріптім, адасып. Кешкі 6- дан 9:30 ға дейін жүрдім. Жұмыс күніміз басталған кезде балалар тамақ уақыты болды, тамақ ішетін жерге барып тамақ ішейік деді. Сосын сонда барып, тамақ алып мен ақшасын төлегенмін. Сол кезде маған супервайзерім күлген, ақшаң көп пе деп?

Сөйтіп Сейфолла еріктілер тегін тамақтанатын білмей қалған. Ал, жалпы Астана жұрты алыс-жақыннан ат арытып келген ағайын-туыстарын қонақ етті. Әдетте ісі қауырт болып жүретін астаналықтардың, биылғы жазда жаппай қонақ күткені рас. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келіп тамашалаған ЭКСПО көрмесінен керемет кадрлар, риясыз романтикалық суреттер естелік болып қалады. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Осылайша 3 ай мерзімге созылған халықаралық көрменің жабылуына бір тәулік ғана қалды. Еліміз үшін аталған халықаралық көрменің тура және ауыспалы мағынасында табысты болып-болмағанын ұғуға уақыт керек. Ал, орта және шағын бизнес өкілдері үшін көл-көсір болмаса да, тәп-тәуір пайда әкелгені рас.