Елімізде 69 апаттық және 87 үш ауысымда оқытатын мектеп бар - БжҒМ

Елімізде 69 апаттық және 87 үш ауысымда оқытатын мектеп бар - БжҒМ
11 қыркүйек, 20:00

Елімізде  апатты жағдайдағы 69 мектеп бар. Мұнан бөлек үш ауысымда оқытатын 87 білім ошағы жұмыс істеп тұр. Мектептерде орынның жетіспеушілігі салдарынан кей өңірлерде оқушылар фойе мен дәліздерде білім алуға мәжбүр. 112 мектептің құрылысы жүргізіліп жатқан көрінеді. Білім және ғылым министрлігі берген ақпаратқа сай, бұл мақсатқа Ұлттық қордан 72 миллиард теңге бөлінген. Мектептердің жай-күйі бүгін Мәжілісте талқыланды. Дәуренбек Бақдаулетұлы баяндайды 

Атырауда 3 ауысыммен оқытатын он шақты мектеп бар. Биыл өңірде 60 мыңдай оқушы мектеп табалдырығын аттаған, оның 8 мыңы 1-ші сынып оқушысы. Кей сыныптарда оқушылар саны 40-тан асып жығылады. Білім басқармасындағылар бұл бірінші кезекте демографиялық және миграциялық үдерістің артуынан деп отыр.

Алмабек Абдоллов, Атырау қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Дәліздерді сынып ретінде жасақтап жатырмыз. Парталар мен тақталарды жақсы жарық және жылы жерге орнатылды. Қала әкімдігіне қосымша 8 мектеп салуға өтініш берілді. Қазір жобалық-сметалық құжаттар жасақталып жатыр.

Бұл Шымкенттегі № 103 жалпы білім беретін мектеп. Мұнда да балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. 2011 жылы пайдалануға берілген 250 орындық білім ордасында 1358 оқушы оқиды. Бұл даярлық тобының балғындарын қоспағандағы сан. Таңғы  8.15-те басталатын дәріс кешкі жетіден өте аяқталады.

Сейдуалы Мамақов, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Сынып кабинеттерінің жетіспеуінен көбісі фойені, тағы басқа лабораториялықты сыныпқа айналдырып, балаларды сол жерге сиыстырып, амалдап отырмыз. Енді биыл қазір байқадыңыздар, жүріп жатқан құрылысты. Сол құрылыс 2018 жылы қаңтарына беріледі деген жоспар бар.

Жағдайдан Білім және ғылым министрлігі хабардар. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, - дейді ведомство өкілдері

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

Бүгінде ОҚО, Алматы, Астанада 188 мектеп жетіспейді. Бұл бірінші орында демографиялық өсімге байланысты. Соныдқтан 3 ауысымды мектептер болады.

Мектеп салынып жатқан 11 өңірдің жетеуінде қаржы жұмсау ережесі бұзылған болып шықты.  Салдарынан білім ошақтарының пайдалануға берілу мерзімі кешіккен аймақтар да бар.  Мәселені мәжіліс депутаттары да жіті назарға алған.

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Тендерлер өтпеді, кешігіп өтті дейді. Неге кешігіп өтеді? Бұл жерде, мүмкін, коррупциялық әрекет бар шығар. Соның бәрін жан-жақты қарау керек. Сол үшін келер жиналыста жәй сөйлеп қоймай, жаңағы Риддер деп жатырмыз, соның әкімін шақырып сұрау керек. Неге мектеп салынбай жатыр? Білім басқармасын шақыру керек.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Жиын барысында депутаттар білім және ғылым вице-министрін  сұрақтың астына алды. Орамды ойлардың бірінде депутат Қуаныш Сұлтанов 3 ауысымды мектепті жоямыз десек, оның санының артып келе жатқанына шүйлікті. Сондай-ақ  келер отырыс барысында құрылыс жұмыстарына кедергі болған барлық факторлар анықталып, нысандардың иелері шақыртылатын болып тарасты. 

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ