Қостанайда психдиспансердің бұрынғы бас дәрігерін өлтірді деп айыпталғандардың бірі кінәсін мойындады

Қостанайда психдиспансердің бұрынғы бас дәрігерін өлтірді деп айыпталғандардың бірі кінәсін мойындады
13 қыркүйек, 20:00

Қостанайда психдиспансердің бұрынғы бас дәрігері Рашида Сандыбаеваны өлтірді деп айыпталғандардың бірі кінәсін мойындады. Ал басты фигурант Зәуреш Изалдина өзіне тағылған айыппен келіспейді.

Алғашқы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы қылмыстық оқиғаның бүге-шүгесіне тоқталып, жаға ұстатарлық жайттерді жайып салды. Зәуреш Изалдинадан бөлек Руслан Гафаров та айыппен келіспейді. Ал, Китебаев кісі өліміне қатысты кінәсін ішінара мойындаса, Кодатенко қылмысты толық мойнына алды. Марқұмның туыстары материалдық және моральдық өтемақы талап етуде.

Материалдық нұқсан 1 миллион 268 мың теңгені құрады. Ал моральдық - 5 миллион теңге. Азаматтық талап-арызда түбіртектің көшірмелері бар.

Сот талқылауында бірнеше куәгерлер сұралды. Ауруханананың бөлім меңгерушісі өз жауабында Зәуреш Изалдинаның қызметтік мансапты көздегенін растады. Тіпті, бас дәрігер лауазымына тағайындалғанда қарамағындағыларға қандай қызмет ұсынатынын бүкіл емхана ұжымының айтып жүргенін жеткізді.