16-шы қыркүйекте Астанада жалпы қалалық сенбілік өтеді

16-шы қыркүйекте Астанада жалпы қалалық сенбілік өтеді
13 қыркүйек, 20:00

"Астана - таза қала". 16-шы қыркүйек күні Елордада осындай атаумен жалпы қалалық сенбілік өтеді. Бұл жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын іс шара. Биылғы тазалық айлығы 4-ші қыркүйек пен 4-ші қазан аралығында өтетін көгалдандыру мен санитарлық  айлықтың аясында жалғасады. Сенбілікке жалпы саны 90 мыңға жуық адам үлес қосады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ  мыңға жуық мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері, 560 бірлік техника жұмылдырылады. 19 мыңға тарта ағаш көшеті отырғызылады. Сенбіліктің мақсаты тазалық мәдениетін арттыруға қоғамның назарын аудару, Астана қаласының көшелерін таза ұстау және экологиялық жағдайға мән беру болып табылады.

Іс-шараға мемелекетік қызметкерлер, парламент депутаттары, журналистер, эстрада жұлдыздары мен өзге де азаматтар қатысады деген жоспар бар. Сонымен бірге шахардың тазалығына үлес қосқысы келген әрбір тұрғынның бұл сенбілікке үлес қосуына болады. Тазалық жұмыстарына қажетті заттардың барлығын ұйымдастырушы тарап қамтамасыз етеді.

Бибігүл Бектемісова, «Астана-Зеленстрой» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары:

Барлық жағынан қамтамасыз етіледі. Тек қана біздің азаматтардың менің елім, жерім деп араласып қатысуы ғана қажет. Оларға біз қолдарына киетін қолғабына дейін, бәрін таратып береміз. 

Сондай-ақ ұйымдастырушылар осы күні тазалық жұмыстарына кедергі келтірмес үшін жүргізушілер көліктерін тек рұқсат етілген жерлерге қойса дейді. Егер бұл шараға кедергі келтіріп, кез келген аумаққа қаңтарылған көліктер болса, жергілікті полиция қызметкерлерімен көлік қожайынына әкімшілік хаттама толтырылады. Ал темір тұлпардың иесі көлікті тастап кеткен жағдайда ол айып тұрағына жөнелтіледі.