Кепіл мемлекеттер Сирияда 4 деэскалациялық аймақ құруға келісті

Кепіл мемлекеттер Сирияда 4 деэскалациялық аймақ құруға келісті
15 қыркүйек, 20:00

Кепіл мемлекеттер Сирияда 4 деэскалациялық аймақ құруға келісті. Бұл туралы Астанада өткен келіссөздердің нәтижесінде белгілі болды. Айта кетейік, Сирия бойынша келіссөздер Елордада алтыншы рет өтіп отыр. Идлибтегі жағдайды Иран, Түркия мен Ресей өкілдерінен құрылған комитет бақылайтын болады. Сондай ақ осыған дейінгі келісім талаптарының жүзеге асуы талқыланып, сол аймақтарға гуманитарлық көмек беру жайы да сөз болды.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Астана келіссөздері басталғалы сегіз ай ішінде Сириядағы жағдай түбегейлі жақсы жаққа өзгеріп, дағдарысты саяси жолмен реттеу мүмкіндіктері кеңейе түскені даусыз. Ондағы жағдайдың қайта өршуі қазіргі таңда қай тарапқа да тиімсіз болып табылары анық.

Кездесуге сириялық делегаттар да қатысты. Келіссөздер барысында олардың да Идлибте деэскалация аймағын құруға қызығушылық танытып отырғаны байқалды. Алтыншы кездесуді оң бағалауы осының айғағы. 

Айман аль Асыми, Сирия қорғаныс оппозициясының мүшесі:

«Астана-6» сәтті өтті. Бұл жерде 3 млн сириялықтар тұратын Идлиб провинциясында деэскалация аймағын құру мүмкіндігі табылды. Діттеген мақсатымызға жетіп, азаматтарымызды құтқара алатын боламыз. 

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың сөзінше, жетінші келіссөз қазан айының соңына  жоспарланып отыр.