Күз мезгілі ортасына жетпей жатып, Қазақстанда көмір тапшылығы туындады

Күз мезгілі ортасына жетпей жатып, Қазақстанда көмір тапшылығы туындады
05 қазан, 20:00

Күз мезгілі ортасына жетпей жатып, Қазақстанда көмір тапшылығы туындады. Көптеген аймақтарда қатты отынның жетіспеушілігі жағадан алып тұр. Ал "барының өзі қымбат", - дейді тұрғындар. Мәселен, Павлодарда бір тонна көмірдің бағасы 12 мың теңгеге шықты. Тасымалдаушылардың сөзінше, үш айдың ішінде қара отынның құны бірден 2 мың теңгеге өскен. Шымкенттіктер болса "қызуы қатты" Шұбар көл көмірін таппай жүр. Көмір тасушылардың бірқатары, дер кезінде жеткізілмегендіктен баға аспандап кетті, деп отыр. Тілшілеріміз көмір іздеген халықпен тілдесіп қайтты.

Павлодарда осы аптада күн күрт суытты. Сәйкесінше, көмірге деген сұраныс арта түскен. Алайда қара отынды тасымалдайтындар өнім бағасының күн санап қымбаттап бара жатқанын айтады. Жазда «Қаражыра» көмірі 9-9 жарым мың теңгеге саудаланса, қазір оның құны 12 мыңға жеткен. Тәжрибесіне сүйенген жеткізуші алдағы уақытта баға көтерілмесе, арзандамайтынына сенімді.

Виктор Луговой, көмір тасымалдаушы:

Қазір көмір жеткізу ісінде ауытқулар бар. Вагондар аз келіп жатыр, сондықтан алған тапсырысымызды орындай алмай жатырмыз. Былайғы жұрт көмір алуды тоқтатқан жоқ, сұраныс жетеді.

Орын алған жағдайға қатысты өңірдің энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасынан қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады. Облыс орталығында екі ірі көмір босататын база бар. Алайда олар түстен кейін «көмір жоқ» деген желеумен есігін тарс жауып, жұмысын тоқтатқан.  

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодарлық тұрғындар арасында «Қаражыра», «Шұбаркөл» және «Майкөбе» көміріне сұраныс жоғары. Бұлардың сапасына қарай, бағасы да әр алуан. Арадағы айырмашылық шамамен 1000-1500 теңгедей,- дейді қара отынды тасушылар. Сөйтіп, әзірге аймақтағы орташа баға 11-12 мың  теңгеге тұрақтаған. Көмірге қатысты мәселе, солтүстік өңірлерді былай қойғанда, оңтүстікте де туындап тұр деген ақпарат бар. Ендеше мәселенің мән-жайын осы аймақтағы тілшіміз Айзада Төребекқызынан естісек.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Иә, Шымкентте де көмір тапшылығы сезілуде. Күн суытқалы отын базасын жағалағандардың қарасы қалың. Әсіресе сұранысы ең жоғары Шұбаркөл отыны қат болып тұр. 

Толғанай Шораева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Көмірді іздегенімізге, міне, 1 аптадан бері келеміз, күнде келеміз. Кезек, адам көп. Ала алмай, күнде әуре болып кетеміз. Үйде шалым бар - инвалид, он жылдан бері жатады. Балдар бар, жаурап жатыр.

Отын базаларында көмір жоқ емес, бар. Тек тұрғындар қызуы жақсы сапалы отын алғысы  келеді,- дейді жеткізушілер. Оның үстіне баға да былтырғыдан біршама өскен. Тоннасы 8-16 мың теңгенің аралығында. Былтыр бұл баға 12 мыңнын төңірегінде болатын.

Еркебұлан Елемесов, көмір тасымалдаушы: 

Жетіспейді көмір,  Шұбаркөл негізінен. -Қанша болып жатыр баға? -Баға қазір бұл жерде 16 мың теңгеден тоннасына. Біз доставкамен ол қымбат болады ауылға барғанша.

Елтай Ибрагим. көмір тасымалдаушы:

Үш күн жүріп ала алмай кеткем. Кеше қайтып келгенмін. Бір аптадай болды да жүргеніме, ауылға барып қайтып келдім, көмір болмағасын. Халық күтіп отыр. Жылдағы жұмысым, тасып қамтамасыз етемін ауылдағыларды. Вагон болмай қалды десең, сенбейді. Жаурап отыр барлығы.

Отын базасындағылар қорда майда көмір қалғанын айтады. Оған тек зауыттар мен  жылыжайлардан ғана сұраныс бар екен. Халықты толық қамтамасыз ету үшін күнделікті  кемінде мың тонна көмір қажет. Ал келіп жатқаны одан бес есе аз.

Құрманғали Салыбеков, көмір базасының  аға менеджері:

Кеше төрт вагон келген. Почти әр екі күнде төрт вагоннан ғой. Жетпей жатыр да халыққа. -Бүгін келеді ма? -Қазір төрт вагон келеді, құдай қаласа.  -Қандай көмір?
-Шұбаркөл, басқа көмір келмейді. Басқаны халық жақтырмайды, алмайды.

Алайда вагонға жауаптылар "Қазақстан темір жолы" тарапынан ешқандай кедергі жоқтығын айтып отыр. Олардың мәліметінше, көмір жеткізу өткен жылмен салыстырғанда 152 пайызға артық орындалған. Оңтүстік Қазақстан облысына күнделікті  кемінде 200 вагон көмір келіп жатқанын көлденең тартты жауаптылар. Ал Шұрабкөлдің сұранысына сәйкес 500 вагон күнделікті  берілуде.

Бақытбай Қасымбеков «ҚТЖ -жүк тасымалы» АҚ Шымкент бөлімшесі басшысының орынбасары:

Складтарда 123 мың тонна көмір жатыр. Енді көмір қаладағы көмірлердің  качествосы жүк жіберуші мен жүк сатып алушы екеуінің арасындағы келісімге байланысты. Сондықтан бүкіл разъезге бізде көбісі келіп жатқан Майкөбе, Шұбаркөл вагондар қанша сұралады, сонша беріледі. Ол Шұбаркөлге «сен мынаған жібер, мынаған жібер» деп теміржол айта алмайды ғой.

Айзада Төребекқызы тілші:

"Қазақстан темір жолы" жүк тасымалы қызметіндегілер көмір тасымалы құнының көтерілуіне өздерінің қатысы жоғын алға тартады. Яғни көмір тасымалы құны айтарлықтай өспеген. Тек инфляцияға сәйкес 4 пайыз қосылды дейді. Ал Елордада көмірге қатысты ахуал қалай екен, әріптесім Диана Сапарқызы жеткізуге әзір.

Диана Сапарқызы,  тілші:

Иа, Астанада бағаның шарықтағаны өз алдына, тіпті көмірдің тапшылығы туындаған. Ақшасы бар бола тұра. Шұбаркөл көмірін таба алмай сабылғандар көп. Астана маңындағы Қараөткел елді мекенінен келген зейнеткер Аманай Сыдықбаева  Шұбаркөл көмірін іздеп жүр. Үнемі алатын жерімде жоқ екен, амалсыздан табылған көмірді сатып алдым дейді.

Аманай Сыдықбаева, тұрғын:

Көмір іздеп келгенбіз, Шұбаркөл көмірін аламыз ба деп едік, ол жоқ, қайда барсақ та, Қаражыра көмірі де жоқ. Амалымыздың жоқтығынан мынау Богатырьский көмірді алып жатырмыз. Ол нашар көмір. Қашан бұл болады? Халық от жағатын уақыт. Тонып жатқанда, мынадай көмірсіз жатқан қиын екен.

Көмірдің бұл түрі тапшы екенін астаналық көмір сатушылардың өзі растап отыр. Олар жылыту маусымы басталғалы бері 30 тонна Шұбаркөл көмірін сатып үлгерген. Ал тапшылықтың себебі неден туындағанын ашып айтпады.

Асылхан Құрамжанов, көмір сатушы:

Қазір бізде Богатырь көмірі ғана қалды. Қарағанды мен Екібастұзға тапсырыс бердік. Әлікүнге дейін вогондар жоқ. Шұбаркөл көміріне сұраныс көп. Көмір жоқ болғандықтан, жұрт Богатырьді алып жатыр. Ал көмір неге тапшы екенінен бейхабармын.

Графика Екібастұздан әкелінген ең арзан Богатырь көмірінің бағасы тоннасына 7000 теңге. Ал  Майкөбе көмірі 9500 теңгеден сатылса, Шұбаркөл көмірі 13500 теңгені құрап отыр.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев болса тілшілерді көмір өндірісіне қатысты біраз жайттан хабар етті. Тасымал мәселесі ведомство құзыретіне жатпайтынын айтты.

Қанат Бозымбаев,  ҚР Энергетика министрі:

Биыл көмірді шығару мәселесі қолға алынған. Ешқандай кен орындарында ешқандай тапшылығы бар деген ешқандай негіз жоқ, олай айтуға болмайды. Егер кез келген компания тапсырса, көмір әр разрезден алуға мүмкіндік бар. 

Диана Сапарқызы,  тілші:

Елорда әкімдігі арнайы таратқан баспасөз мәлімдемесінде де Астанада көмір тапшылығы жоқ екені жазылған. Тіпті қатты отынның күн сайын жеткізіліп тұрғанын айтып отыр. Ал Энергетика минстрлігі, жыл сайын жылыту маусымы кезінде көмір өндіруші компанияларға көмірді тиеуге арналған вагондардың уақытында ұсынылмау мәселесі орын алып жатқанын, растап отыр.